Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ғалым Фетхуллаһ Гүленнің ізбасарларына қатысты ұстанған ашықтан ашық жүгенсіз агрессиялық саясаты, термин тілімен сөйлесек – фашизмі, бейбіт күн кешкен азаматтардың өмірін қыршыннан қиюын қояр емес. Әділетсіздік пен қудалауда көрініс тапқан Ердоған фашизмінен бас сауғалауға тырысқан екі отбасы мен оларға ерген бір жас азаматтың өмірі Эгей теңізіне құятын Марица (Эврос) өзенінде ерте үзілді. Маден әулетінен кейін осымен екінші рет «Қызмет» қозғалысының (Hizmet Hareketi) ізбасарлары Эгей теңізінде суға кетті. Бұл туралы Aktifhaber ақпараттық ресурсы хабарлайды.
Түркия мен Грекия арасын бөліп тұрған Эгей теңізі мен Эврос өзенінің асау толқындары соңғы бірнеше жылда көптеген Сириялық босқынның өмірін жалмады. Екі елді қақ бөлген теңіз суларында соңғы рет тас жастанып, су жамылып қалған Түркия азаматтары «Қызмет» қозғалысының өкілдері болып шықты.
Өткен жылы қарашаның қара суығында 5 адамнан тұратын Хүсейін Маденнің отбасы Эгей теңізінде суға кеткен болатын. Кеше, 13 ақпан күні, Эгей теңізіне құятын Эврос өзенінде көкіректі қарс айырар тағы бір оқиға болды.
«ТЕРРОРИСТ» ДЕП АЙЫПТАЛҒАН ҰСТАЗ..
Екі отбасы мен оларға ерген бір ер азамат – «Қызмет» қозғалысының өкілі 8 кісі мінген резеңке қайық Эврос өзенінде төнкеріліп кетті. Бір отбасыдан анасы мен екі баласының жансыз денелері табылды, ал қайықтағы қалған кісілер із-түссіз ғайып болды. Судан мәйіті шығарылған балалардың әкесі Угур Абдуррезак қаңтар айында ешқандай құқықтық негізсіз 11 ай абақтыда отырып шыққан болатын. Ал Угур және оның отбасы мүшелерінің қауіпке толы сапарға шығуына 2016-ның 15 шілдесінде болған төңкеріс қозғалысы түрткі болған еді.
-30 МЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРМЕН БІРГЕ ЖҰМЫСЫНАН АЙЫРЫЛДЫ
39 жасар ағылшын тілі пәні мұғалімі Угур Абдуррезак пен оның жұбайы 37 жасар түрік тілі пәні мұғалімі Айше 2016-ның шілдесінде (президент Режеп Тайып Ердоған басқаратын) билеуші партия «Ақ партия» («Әділет және даму партиясы») тарапынан жарияланған төтенше жағдайдан кейін 30 мың мемлекеттік қызметкермен бірге қызметтерінен шеттетілді. Екеуінің де жұмысын жоғалтуына «Қызмет» қозғалысының мүшесі деген желеу жеткілікті болды.
-ҚАМАУДАН БОСАТЫЛДЫ, АЛАЙДА «ТЕРРОРИСТ» ДЕГЕН АЙЫПТАУЫ АЛЫНБАДЫ
Жұмысынан айырылған Угур алты айдан кейін қамауға алынып, 11 ай Қандыра түрмесінде отырды. Өткен жылдың қаңтар айында босатылғанмен, «тероррист» деген айыптаумен қылмыстық ісі жалғасын тапты. Соттың жазықсыздан жазықсыз 6,5 мен 22 жыл арасында бас бостандығынан айырылуын талап ету ықтималдығына байланысты, Угур отбасын алып, Түркиядан кетуге бел байлады.
Он бір жастағы ұлы Абдулкадир Энес пен екі жасар ұлы Халил Мунирді алып 13 ақпан күні түн ортасында Эврос өзені арқылы Түркиядан қашып шығуға күш салды.
ҚУДАЛАУДАН ҚАШҚАН ЕКІ ОТБАСЫҒА РЕЗЕҢКЕ ҚАЙЫҚ ПАНА БОЛА АЛМАДЫ
Бұл әулетпен қатар заңсыз көш ұйымдастырушыларына ілесіп, таңғы сағат 05:00-тер шамасында Эврос өзеніне жеткен тағы бір отбасы бар еді. 30 жасар Фахреддин Доган мен оның жұбайы 28 жасар Аслы және олардың екі жарым жасар ұлдары Ибрахим Селим де Абдуррезак отбасы секілді «Қызмет» қозғалысына қатысы бар деген желеумен қудалауға ұшырады, сол себепті алыс сапарға шықты. Қастарында Фатих Яшар есімді достары да болған.
Үшеуі бала, сегіз тағдыр контрабандистердің көмегімен Эврос өзені жағасында қарсы бетке өту үшін резеңке қайыққа мінді. Алайда әзірге белгісіз бір себепке байланысты қайықтары төнкеріліп кетті.
Іздестіру жұмыстары басталғалы Айше Абдурразак пен оның екі перзентінің мәйіті табылды. Резеңке қайықпен қарсы жағаға өтпекші болған өзге бес адамның жай-күйі белгісіз.
АЙЛАН ЕСІМДІ БӨБЕК БАТҚАН ЖЕР..
Сириялық босқындар дегенде зұлмат өмірінен қашып, «Еуропаға жетеміз» деген арманмен Эгей теңізінде суға кетіп, ағыспен жағаға шығып қалған баланың жатқан бейнесі еске түседі. Айлан есімді бөбектің суреті Сирия босқындарының драмасына әлем назарын аударған болатын. Сириялықтар секілді өз елінде тыныш тұрақ таппаған Түркиялық босқындар мен олардың бүлдіршіндері тұма бұлақтай асаулана бұлқынған Эгей теңізінің толқындарында жан беруде.
ЕРДОҒАННЫҢ ФАШИЗМІ «ҚЫЗМЕТ» ҚОЗҒАЛЫСЫНА КӨҢІЛ ҚОЙҒАНДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӨЛІМГЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ
Түркия билігінің «Қызмет» қозғалысына көңіл қойып, қам қылған азаматтарға бағытталған әлеуметтік өлімге итерер саясатына байланысты соңғы бірер жылда қаншама жазықсыз жан жарық өмірмен қоштасуға мәжбүр болды..
«Қызмет» қозғалысына қатысы бар деген 50 мыңға жуық азамат қамауға алынды. Жаза өтеу орындарында 700-ге жуық бала бар: жасы ең кішілері – құндақтаулы сәбилер, темір тордың арғы жағында дүниеге келгендері де бар, ал үлкендері оқуларын жалғастыру мүмкіндігінен мақұрым.
Түркияда 2016-ның шілдесінде болған төңкеріс әрекетінен кейін төткенше жағдай жарияланып, оның мерзімі бірнеше мәрте ұзартылған болатын. Осы кезеңде үкімет алған (құқықтық негізі жоқ) арнайы шешімдермен 120 мыңға жуық азаматқа қатысты сот ісі басталды. Қудалауға ұшыраған бұл кісілердің бір бөлігі сапардың қауіптілігіне қарамастан, елден босып шығуға мәжбүр болуда. Мәселен, Түркиядан шыққан оң мыңнан астам азамат Еуропа елдерінен саяси баспана сұраған.