20 қыркүйек таңертең Ресейдің Пермь мемлекеттік университетінде белгісіз адам оқ атты. Тергеу комитетінің мәліметінше, кемінде сегіз адам қаза болған, оннан астам адам жарақаттанған.
Сағат күндізгі 11-лер шамасында әскери форма киген автомат асынған ер адам кампуста оқ атып, оқу орнының 8-корпусына кірген. Телеграмда адамдардың ғимарат терезелерінен секіріп жатқаны туралы видео да тарады.
Оқу орны әлеуметтік желідегі парақшасында ғимаратта қалғандарға есікті бекітіп отыруға кеңес берді.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Пермь университетінде оқ атқан адамның ұсталғанын хабарлады. Тергеу комитеті де ақпаратты растады. Күдіктінің кім екені анықталған, ол сол университеттің студенті болып шыққан. Оның полицияға қарсылық көрсетіп, жараланғаны хабарланды. Ал Телеграмдағы 112 арнасы шабуылдаушының қаза болғанын жазды. Baza ресурсы оның жарақаттан көз жұмғанын хабарлады. Шабуылдаушының өлгенін кейін билік те растады.
Пермь өлкесінің губернаторы Дмитрий Махонин “шабуылдаушылардың бірі” атып өлтірілгенін айтты, шабуылға тағы өзгелердің қатысы болуы мүмкін деген болжам тексеріліп жатыр.
59.ru басылымы Вконтакте желісінде шабуыл жасаған адам болуы мүмкін деген қолданушының жазбасын тапты. Ондағы ақпаратқа қарағанда, күдіктінің аты-жөні Тимур Бекмансуров, 18 жаста. Ол шабуылға ұзақ дайындалған. Қолданушы жазбаларында қару ұстауға рұқсат алу процедурасын сипаттайды.