Шри-Ланкада тағы бір жарылыс болды. Коломбодан шығысқа қарай 40 шақырымдағы Пугода ауданында беймәлім зат жарылған.
Жергілікті полиция өкіліне және News 1st телеарнасына сілтеме жасаған Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Шри-Ланкада 8 рет жарылыс болды: алғашқы алтауы Коломбо, Негомбо, Баттикалоа қалаларында болды, тағы бір жарылыс Дехивала қаласында, тағы біреуі Коломбоға жақын маңда болды. Бандаранаике әуежайына барар жолда тағы бір бомба табылды.
Террорлық әрекет католик шіркеулері мен қонақүйлерде болды. 359 адам құрбан болып, 500-ден астам адам жарақат алды. Полиция жарылыс жасады деген күдікпен 100-ден астам адамды ұстады. Тергеудің мәліметінше, шабуылды 9 жанкешті ұйымдастырған, оның 8-інің кім екені белгілі болды. “ДАИШ” халықаралық террорлар ұйымы Шри-Ланкада жарылыс жасағанын мәлімдеді.
Шри-Ланка Президенті Майтрипала Япа Сирисена Қорғаныс министрінің хатшысы Хемасири Фернандо мен полиция бастығы Пуджитха Джаясундаруға отставкаға кетуді ескертті.