Иранның Оңтүстігінде орналасқан Ахваз қаласындағы әскери парадқа лаңкестік шабуыл жасалып, 20-дан астам адам жарақат алды. Сондай-ақ, қаза болғандар да бар, деп хабарлайды ca-news ақпараттық агенттігі Press TV телеарнасына сілтеме жасап.
4 немесе 5 адамнан құралған лаңкестер 1980-1988 жылдар аралығындағы Иран-Ирак соғысын еске алу мақсатында ұйымдастырған әскери шеру барысында оларға қарсы оқ жаудырған. Салдарынан 8 немесе 10 қарулы күш өкілдері көз жұмды. Тағы 7 әскери адам мен 10-нан астам бейбіт тұрғын жапа шеккен. Олардың арасында 2 бүлдіршін мен жас ана бар.
Әскери шеруді көруге келген халық алғаш оқ атылған сәтте бұл салтанатты шерудің бір бөлігі деп түсінген. Бірнеше адам жарақат алғаннан кейін ғана халық лаңкестік шабуыл екенін аңғарып қаша бастаған.
Айта кетейік, 22 қыркүйек Иранның көптеген қалаларында 1980-1988 жылдар аралығындағы Иран-Ирак соғысын еске алу күніне орай әскери шерулер өтті.