Солтүстік Еуропаның ең ірі көлік торабы бола алатын кішігірім фин қаласынан Коувола (Финляндия) – Бусловская (Ресей) – Алтынкөл (Қазақстан) – Сиань (Қытай) бағдары бойынша контейнерлік пойыздың бірінші құрамы аттанды. Пойыз 8,5 мың км. қашықтықты 10 күнде жүріп өтеді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Пойызды іске қосу ресми рәсіміне еліміздің атынан Финляндиядағы Елші Мұрат Нұртілеуов, Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Айгүл Құспан және «ҚТЖ-Экспресс» АҚ Контейнерлік тасымал департаментінің директоры Алмат Кәрімов қатысты.
Сондай-ақ, салтанатты шараға Финляндияның Әділет министрі Антти Хяккянен, Коувола қаласының мэрі Марита Тойкка, Қытай Елшісі Чэн Ли, Ресей Сауда өкілдігінің басшысы Сергей Синельников, сондай-ақ жаңа трансконтиненттік жобаны жүзеге асыруға атсалысқан төрт елдің іскер топ өкілдері қатысты.
Коувола қаласының мэрі Марита Тойкка Финляндия мен Қытай арасындағы теміржол қатынасын іске қосу жобаға қатысушы елдер үшін тарихи маңызға ие екеніне сенімді. Ал, Коувола қаласы Ұлы Жібек жолының «Шығыс қақпасына» айналмақ.
Жаңа бағдар Қазақстанның Азия және Еуропа елдерімен бірге Елбасының бастамасы – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және оны «Белдеу және жол» қытайлық бастамасымен сабақтастыру аясында салған бесінші дәлізі болды.
«Мемлекетті және қоғамды жаңғырту арқылы терең өзгеріс енгізіп жатқан заманауи Қазақстанның өңірлік және жаһандық бастамалары тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға ғана емес, халықтардың жақындауына, мәдени-гуманитарлық, технологиялық және ғылым-білім саласындағы алмасуға мүмкіндік туғызуда. Қазақстан Республикасының кешенді сыртқы экономикалық және сыртқы саяси бағытының көліктік-логистикалық құрамы мұндай игі қадамдардың жарқын үлгісі болды. ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК-ні қоса алғанда бірқатар көпжақты тетіктер мен институттардың қалыптасуында негізгі актор болған Қазақстан басшысы тараптардың Орталық Азиядағы мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізді және еліміздің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етті», – деп мәлімдеді отандық дипломат.