Талибан лаңкестік ұйымының «рухани әкесі» саналатын пәкістандық уағызшы Сами әл-Хак Пәкістанның солтүстігінде орналасқан Равалпинди қаласында өлтірілді.
Жергілікті БАҚ Сами әл-Хактың өлім жазасына кесілгендігі туралы хабарлаған. Екінші бір мәліметтер оның оққа ұшып өлгенін жазады. Шабуылдың нақты себептері әзірге белгісіз.
Сами әл-Хак «Талибан» лаңкестік қозғалысының «рухани әкесі» деп саналады. Ол сондай-ақ, ұйымның қазіргі көшбасшысы Хайбатулла Ахундзаданың ұстазы.
Сами әл-Хак Пәкістанның солтүстігіндегі талибан лаңкестік ұйымының құрамына енген көптеген шәкірттер оқыған Хаккания медресесін басқарған. Хаккания медресесінде «талибанның» негізін қалаушы Мулла Омармен қоса топтың көптеген белсенділері оқыған. Оның аталған ұйымның ішінде – Пәкістанда да, Ауғанстанда да мыңдаған ізбасарлары бар.
Сами әл-Хак медреседегі қызметіне дейін елдің сенаторы қызметін де атқарған және «Джамият Улема-и-Ислами» партиясын басқарған. Ол сондай-ақ, Пәкістанның қазіргі премьер-министрі Имран Хан басқаратын РТІ партиясына жақын болған. Ауғанстан үкіметі жақында ғана Сами әл-Хакқа Талибандықтардың бейбіт келіссөздерге келуіне жәрдемдесуін сұраған еді.
Қазіргі уақытта ешбір лаңкестік ұйым бұл шабуылды өз жауапкершілігіне алмады. Бүгін талибандықтар Ауғанстанның әскери базасын басып алып, қару-жарағы мен көлігін тартып алған. Шабуыл салдарынан әскерилер көз жұмды.