Алматы облысының әкімі қызметіне бұған дейін қаржы министрінің орынбасары болған Марат Сұлтанғазиев тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
“Өзге жұмысқа ауысуына байланысты” Қанат Бозымбаев Алматы облысы әкімі қызметінен босатылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының мәслихатының қарауына Батыржан Байжұманов пен Марат Сұлтанғазиевтің кандидатурасын ұсынған. 129 депутат Сұлтанғазиевті, 59 депутат Байжұмановты қолдаған.
Референдумнан кейін конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша, Қазақстан президенті мұнан былай жергілікті мәслихаттарға екі кандидат ұсынып, әкім қызметіне біреуін таңдауды сұрайды. Сыни көзқарастағы сарапшылар мұны айтарлықтай өзгеріс емес деп санайды. Бұрын президент бір ғана кандидат ұсынып келген.
Алматы облысында туып – өскен 46 жастағы Марат Сұлтанғазиев көп жыл салық органдарында жұмыс істеген, 2012 жылдан 2014 жылға дейін президент әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық мониторинг сексторының меңгерушісі болып қызмет еткен. Бұған дейін әкімдік қызметінде болмаған.
Марат Сұлтанғазиевтің ағасы Қуат Сұлтанғазиев биыл ақпанда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметіне тағайындалған.
Алматы облысы 8 маусымда Алматы облысы және Жетісу облысы болып екіге бөлінген. Қонаев қаласы (бұрынғы Қапшағай) Алматы облысының, Талдықорған қаласы Жетісу облысының орталығы болып белгіленген.
Қазақстанда жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылатынын Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурызда хабарлап, 4 мамырда жарлыққа қол қойған. Ұлытау облысының әкімі болып “Аманат” партиясының мәжілістегі депутаты Берік Әбдіғали тағайындалған.