Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, қамауда отырған Қайрат Сатыбалды мен тағы бірнеше адамға қатысты тергеу ісінің аяқталғанын хабарлады.
Антикор Қайрат Сатыбалдыны биыл 13 наурызда “Қазақтелекомның” қомақты қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін асыра пайдаланды” деген күдікпен шетелге ұшпақ болып тұрғанда ұстап, уақытша қамау изоляторына қамаған, кейін қамау мерзімін ұзартқан. Агенттік Қайрат Сатыбалды мен тағы төрт адамнан елдегі басты байланыс операторы “Қазақтелеком” АҚ мен “Көліктік сервис орталығы” АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деп күдіктенеді.
Мекеме мәлімдемесіне қарағанда, тергеу кезінде жалпы сомасы 240 миллиард теңге немесе 500 миллион АҚШ доллары шамасындағы қаражат мемлекетке қайтарылған.
Осы жылдың сәуірінде Сатыбалды “Қазақтелеком” акцияларының 29 пайызын мемлекетке еш ақы алмастан қайтарғаны хабарланды.
Наурыз айында оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды “бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу” күдігі бойынша Нұр-Сұлтанда қамауға алынды. Оған универсиада нысандарын жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырды деген де айып тағылды.
“Салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша Қайрат Сатыбалдыға қатысты қосымша қылмыстық істер тергеліп жатыр” деді жемқорлықпен күрес қызметі.
Бұдан бөлек, мәлімдемеде айыпталушылардың заңсыз активтері іздестіріліп жатқаны, Қазақстан мен шетелден жалпы сомасы 400 миллиард теңге немесе 900 миллион АҚШ долларына тең қаражат жақын арада мемлекетке қайтарылатыны туралы айтылған.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, 51 жастағы Қайрат Сатыбалды “Kaspi.kz” АҚ негізгі акционері болды. Ол әр жылдары мемлекеттік қызметте істеді. 2000 жылдары Астана қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары, “KazakhOil” компаниясының вице-президенті, “Қазақстан темір жолы” компаниясының бірінші вице-президенті болды. 2010-2015 жылдары президенттіктен кетсе де, билікке ықпалын сақтауға тырысқан ағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұр Отан” партиясында хатшы болды.