Тоқаев пен Әлиев стратегиялық қатынасты нығайту туралы құжатқа қол қойды

0
159
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев құжаттарға қол қойып отыр. Photo: Akorda.kz

24 тамыз күні Әзербайжанға ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, екі ел басшылары “қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік транзиті және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға” ерекше назар аударған.

“Қазақстан мен Әзербайжан – жақын мемлекеттер, біз стратегиялық серіктеспіз және одақтаспыз. Бүгін елдеріміз арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға қол қойылады” деді Тоқаев.

Қазақстан президентінің айтуынша, кейінгі жылдары екі ел арасында тауар айналымы үш есеге жуық өскен. Алайда бұл жеткіліксіз. “Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек” деді Қазақстан басшысы.

Ал Ильхам Әлиев қазақстандық әріптесіне Әзербайжанға келуге шақыруды қабылдағаны үшін алғыс айтқан. Ақорданың жазуынша, Әлиев “Қазақстанның Әзербайжанға сыйлығы – азат етілген аумақтарда салынатын балалардың шығармашылық даму орталығының тұсаукесері” үшін алғыс айтқан. “Бұл халқымызға деген бауырмалдық көзқарастың тағы бір көрінісі, Қарабақты қалпына келтіруге қосқан үлес” деді Әлиев.

Келіссөз нәтижесінде Тоқаев пен Әлиев “Қазақстан және Әзербайжан арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация” және “Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға” қол қойған.

Бұған қоса, мәдениет, ақпараттық коммуникация, жоғары технология саласында ынтымақтастық орнату бойынша он құжатқа қол қойылған. Ақорда олардың тізімін жариялады.

Әзербайжан президенті кеңсесінің хабарлауынша, Әлиев пен Тоқаев шағын формат аясында да кездесу өткізген. Артынша баспасөз құралдарына арнап мәлімдеме жасаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз