Байден Украинаға тағы 3 млрд доллар әскери көмек берілетінін мәлімдеді

0
235
АҚШ президенті Джо Байден.

АҚШ президенті Джо Байден Украинаны Тәуелсіздік күнімен құттықтаған кезде Украинаға тағы 2,98 миллиард доллар әскери көмек беретінін мәлімдеді.

“АҚШ тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан Украина халқын қолдауға дайын. Бұл міндеттеменің аясында Украинаның қорғаныс күшіне ең ірі траншты көмек көрсетілетінін жариялаймын. Қорғаныс саласына 2,98 миллиард доллар бөлінеді”, – деді Байден.

АҚШ президентінің сөзінше, бұл Украинаға әуеден қорғану жүйесін, артиллериялық жүйелерді, оқ-дәрілерді, дрондарды және радарларды сатып алуға мүмкіндік береді.

“Кейінгі алты ай ішінде украиндардың ерекше ерлігі мен тәуелсіздікке ұмтылысы бүкіл әлемді жігерлендірді. Олар Ресейдің басып кіруіне қайсарлықпен қарсылық танытып жатыр. Бүгін біз өткенді ғана мейрамдаған жоқпыз, Украина егемен және тәуелсіз мемлекет екенін және болашақта да осылай қаларын растап атап өтіп жатырмыз”, – деген Байденнің құттықтауында.

Өткен аптада Джо Байден Украинаға әскери көмек ретінде 775 миллион доллар бөлу туралы жарлыққа қол қойған. Онда қолдау көрсету пакетіне HIMARS системаларына арналған оқ-дәрілер, 15 Sky Eagle дрон аппараты, радиолокацияға қарсы HARM зымырандары, сонымен бірге танкке қарсы TOW және Javelin кешендері кіретіні хабарланған.

АҚШ Украинаға жалпы 16 HIMARS жүйесін берді. Киев осыған дейін ондаған шақырым қашықтықтан ататын жүйелерсіз Донбассты қорғай алмайтынын, оккупацияланған аймақтарды азат ете алмайтынын айтып келген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз