21 қараша күні Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті. Жиында мемлекет басшысы шетелдік елшілер үшін елордада жаңа дипломатиялық қалашық құрылысы басталғанын айтты.
«Осы жылы елшілеріміз үшін барынша жақсы жағдай жасау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы дипломатиялық қалашық құрылысын бастадық. Меніңше, келесі жылы біз оны аяқтайтын боламыз. Ол елорданың қолайлы жерінде орналасады», – деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.
«Бүгінде барлық дипломаттың мемлекеттік жұмысы балаларымыздың, немерелеріміздің жайлы ғаламшарда, қолайлы жағдайда өмір сүрулеріне бағытталған. Сондықтан сіздердің Қазақстандағы жұмыстарыңыз өте маңызды деп есептеймін. Сіздер өз елдеріңіз бен Қазақстанның қарым-қатынасын нығайту үшін жұмыс істейсіздер, сол үшін тағы бір мәрте алғысымды білдіремін. Сіздерге зор құрметпен қараймыз», – деді Президент.