Президент Тоқаев “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты Қазақстан халқына жолдауында саяси реформалардың негізгі 10 бағытын жариялады. Мемлекет басшысының өкілеттілігін қайта қарауға бағытталған конституцияға өзгерістер туралы әділет министрі Қанат Мусин баяндады.
Оның айтуынша конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оны биыл сәуір айының соңында аяқтау жоспарланған.
“Жолдауда келесі бағыттар айтылған. Мемлекет басшысының саяси партиялардағы мүшелігіне оның президенттік кезеңінде тыйым салуды белгілеу. Осылайша, мемлекеттік аппаратты партиялық құрылымдармен біріктіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл тыйымның алғышарты кезекті съезд барысында Amanat партиясының төраға қызметінен кету ниеті туралы президенттің мәлімдемесінен болды. Мұндай тыйымның Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті және Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелеріне, әкімдер мен олардың орынбасарларына да қатысты болатынын жеткізді. Бұл жаңалық барлық мемлекеттік аппараттың жұмысына оң әсерін тигізіп, саяси бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасайды”, – деді министр.
Қанат Мусин түсіндіріп өткендей, “Екінші республика” сөзінің мағынасы мемлекеттік құрылымның өзгеруі, жаңа саяси модельге көшу дегенді білдіреді. Суперпрезиденттік басқару формасынан мықты парламенті бар президенттік формаға өту. Бұл болашағымыздың жаңа қоғамдық құндылықтарынан құрылған нақты образ.