12 ақпан күні Нью-Йоркте Қазақстан мен Танзания мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Модаст Джонатан Меро екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде Қазақстан мен Танзанияның тұрақты өкілдері экономиканың әртүрлі салаларында ынтымақтастық орнатуға және екіжақты әріптестіктің перспективаларын егжей-тегжейлі талқылауға қызығушылық білдірді.
Модаст Джонатан Меро елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы әңгімеледі. Көпжақты ынтымақтастық шеңберінде дипломаттар БҰҰ күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша, оның ішінде терроризмге қарсы күресу, Ұйымды реформалау және Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру салаларындағы ұстанымдардың ұқсастығын атап өтті. Осы және басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге және халықаралық құрылымдарда өзара қолдау көрсету туралы келісімге қол жеткізілді.
Танзания Біріккен Республикасы – халқының саны шамамен 55 миллионнан тұратын Шығыс Африкадағы ең үлкен мемлекет. Ресми деректерге сәйкес, елдің Жалпы Ішкі Өнімінің (ЖІӨ) өсімі 2017 жылы 7,1 пайызды көрсетті. ЖІӨ-нің төрттен бірі ауыл шаруашылығы болып табылады, бұл экспорттың 85 пайызы.
Соңғы жылдары халықаралық қаржы институттарының көмегі арқасында Танзания инфрақұрылымдық жобаларды және алтын, темір, алмаз, танзанит табиғи ресурстарын белсенді дамытып жатыр.