Бұрынғы экономика министрі Бишімбаев қамаудан шықты

0
201
Қазақстанның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

10 жылға сотталған Қазақстанның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және Бишімбаевтың адвокаты хабарлады.

Сот өкілі Азат Өтегеновтің сөзінше, Қуандық Бишімбаев жазасын жеңілдетуге, яғни шартты түрде босап шығуға өтініш берген. Сот оның өтінішін 25 қыркүйекте қарап, қанағаттандырған. Сот шешімі 11 қазаннан бастап күшіне енген.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті “Бишімбаев президенттен кешірім беруді сұрап өтініш жазды. 2019 жылы экс-министрге кешірім беріліп, жаза мерзімі қысқарды. Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, ісіне өкінді. Сот белгілеген шығындарды өтеді. Жазасын өтеу кезінде өзін жақсы қырынан көрсетіп, мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысты” деп мәлімдеді.

Бишімбаев мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасымен 2001 жылы АҚШ-тағы Джордж Вашингтон атындағы университетін бітірген. Ол – “Болашақ” түлектерінің арасынан шыққан алғашқы министрлердің бірі. Бишімбаев әр жылдары “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағалығынан президент көмекшісіне дейінгі жоғары қызметтер атқарған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз