Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды

0
330
Қазақстанның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Астана соты сыбайлас жемқорлық баптарымен айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевті 10 жылға соттады.

14 наурызда өткен ақтық отырыста судья Әділхан Шайхисламов Бишімбаевтің ісі бойынша үкім шығарды. 37 жастағы экс-министрді Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлімі («Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету, сол сияқты қылмыстық топты құру не оған басшылық ету»), 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы («Топ болып немесе астыртын сөз байласып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру») бойынша айыпты деп таныды.

Сонымен қатар Бишімбаевті мемлекеттік органдарда және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан өмірінің соңына дейін айырған сот қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеуді ұйғарды. Сот бұған қоса президенттің атына экс-министрді «Құрмет» мемлекеттік орденінен айыру туралы ұсыныс жасайтын болды.

Бишімбаев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Жаза мерзімі ол қамауға алынған 2017 жылдың 10 қаңтарынан есептелмек.

Бұған дейін айыптаушы прокурорлар соттан Бишімбаевті 12 жыл бас бостандығынан айыруын талап еткен болатын.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз