Мектеп бағдарламасына жаңа пән қосылуына мұғалімдер қаншалықты дайын?

0
19

Парламент депутаттары мен Министрлер кабинетінің бір бөлігі кейінгі жылдары білім ұйымдарында жаңа пәндерді енгізуге күш салуда, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

5-11 сыныптарда оқытылуға тиіс жаңа пән балаларды бір мезгілде әдепке, медиа сауаттылық негіздеріне және қаржылық сауаттылыққа үйретуге тиіс. Шәкірттерге “Парасаттылық пен әдеп”, “Экологиялық мәдениет”, “Азаматтылық пен патриотизм”, “Тіршілік қауіпсіздігі негіздері” (ОБЖ), “Медиа сауаттылық” сияқты сан-сапалақ курстар оқытылады.

Ең бастысы, мұның бәрін бір ғана мұғалім оқытады. Яғни, ол бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің қыр-сырын білетін, қауіпсіздікті сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу тәсілдерін меңгерген, экобелсенді немесе осы саладан жақсы хабары бар әмбебап маман болуға тиіс. Әйтпесе, есейіп қалған оқушыларға қызықты, танымды, өмірде қажет болатын өзекті білім бере алмауы мүмкін.

Тиісті жаңа оқулықтардың тапшылығы да бөлек мәселе. Қазақстанда жалақысы жоғары болғандықтан біраз мектепте педагог лауазымы сатылатыны әшкереленген. “Мұндай жағдайда ұстаздар парасаттылық пен әдеп туралы не айта алады?”

Шенеуніктер шәкірттердің оқу жүктемесін арттыруын жалғастырды. Ата-аналар енді “Күрес” пәнінің енгізілгенін айтады. Бұл қазақ күресін дамыту үшін жасалса керек.

Мұнымен тоқтамай, шахмат та мектептердегі жаңа пән ретінде енгізіліп жатыр. Әзірге, алғашқы кезеңде еліміздегі 42 мектептің бірінші сынып оқушылары қамтылатын болады. Осы мақсатта өткен жылдың соңында Қазақстанның шахмат федерациясы Астана, Шымкент қалаларында жалпы білім беретін мектептердің педагогтерін “Шахматқа оқыту әдістемесі” бойынша оқыту семинарларынан өткізді.

Бір апта ішінде кәсіби шахматшылар мұғалімдерге шахматқа үйретудің ерекшеліктерін түсіндіріпті. Шәкірт даярлайтындай деңгейге жету үшін мұғалімдерге бір ғана аптаның қаншалықты жететіні белгісіз. Бірақ қатысқандардың бәріне тиісті сертификаты таратылды. Шахматты бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына кезең-кезеңмен енгізуге де дәл осы федерация күш салды.

“Неге Сингапур әлемнің алды болып отыр? Олар мектептердегі пәндер санын арттыру жолына түспеді, оның орнына маңызды, өзекті бағыттарда тереңдеуге ден қойды. Біз де әр пән бойынша берілетін білімді тереңдетуге тиіспіз. Олай болса, Оқу-ағарту министрлігі білім беру бағдарламаларын, стандарттарын дайындау кезінде осыған баса көңіл аударғаны жөн. Ең дұрысы, балаларға түсетін жүктемені барынша азайтуға тиіспіз”, – дейді вице-премьер Тамара Дүйсенова.

Алайда биік лауазымына қарамастан, бұл оның жеке ұстанымы болып қалатынға ұқсайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз