30 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы Қазақстан елшісі Дархан Калетаевты Молдовағы елші қызметін қоса атқарудан босатты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
“Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Аманұлы Кәлетаев Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды”, – делінген хабарламада.
Дархан Кәлетаев 2019 жылы наурыз бен желтоқсан айларында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған. Қалетаев бұл қызметке наурыз айында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келгеннен кейін тағайындалған еді. Ол 2018 жылдың шілде айы мен 2019 жылдың ақпан айы аралығында қоғамдық даму министрі болған.