Қазақстан мен Франция уран өндірісі бойынша келіссөз жүргізетіні рас болып шықты. Бұл туралы бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция президенті Эммануэль Макронды қарсы алу сәтінде ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды kazaknews.kz.
Министрдің айтуынша, Франция делегаттарының сапары аясында «Таталь Энерджи» және «Самұрық Қазына» арасында кәсіпорын құру туралы келісім жасалатын болады. Сондай-ақ, уран бойынша да келіссөз жүргізілетінін атап өтті.
«Уран саласы бойынша еліміздегі уран өнірісінің 51 пайызын қамтитын «Катко» АҚ компаниясы Франциялық делегаттармен келіссөз жүргізетін болады. Келісім, Қазақстан жеріндегі уран кен орны өндірісін құру туралы болып жатыр», – деді А.Сәтқалиев.
Бұдан бөлек, министр ғаламдық жылыну бойынша екі жақты келісімге қол қойылып, тек, ратификацияны күтіп тұрғанын айтты. Және бұл келісімнің бір бағыты тұрақты энергетикаға да қатысты екенін атап өтті.
Айта кету керек, шетелдік басылым Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға сапары уран саласы бойынша келіссөз жүргізу және Қазақстанды Ресейден алшақтату мәселесі бойынша болатынын жазған еді.
Макрон, Қазақстаннан кейін Ташкентке іс-сапармен аттанады. Шетелдік БАҚ мұны Франция мен Нигер елінің арасы алшақтап кетуімен және Францияның қазіргі таңда Ресей-Украина соғысында Киевке ашық түрде қолдау жүргізіп жатқанымен байланыстыруда.
Биыл шілде айынан бастап Нигер мен Франция арасындағы дипломатиялық жағдай нашарлап кеткен еді. Оған дейін, Францияның АЭС-терінің 18 пайызы уранды осы елден алған болатын. Оның Қазақстанға және Өзбекстанға сапары Нигерге балама іздеу деп аталуда. Бұдан бөлек, еуропалық мемлекет ашық түрде Киевті қолдайды. Сондықтан, Орталық Азия елдерін Ресей ықпалынан алшақтатуды мақсат еткен.
Сонымен қатар, Франция президентінің Қазақстанға сапары аясында, бейбіт атомды қолдану туралы, сондай-ақ Қазақстанға консалтигтік қызмет көрсету үшін «С систем» халықаралық инжинирингтік компаниясын тарту туралы келіссөздер жүргізіледі деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Макроннан бөлек, Қазақстанға ресми сапармен бірнеше елдің лидері келеді. Себебі, 3 қарашада Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті өтеді. Іс-шараға ұйымға мүше мемлекеттердің (Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан) басшылары қатысады. Сондай-ақ, саммит жұмысына бақылаушы мемлекеттер Венгрия мен Түркіменстанның көшбасшылары қатысады.