Түркия мен Израиль Газа секторы шекарасындағы қанды қақтығыстан кейін бірін-бірі айыптады. Бұл туралы Euronews хабарлайды.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израиль билігін Палестина халқына қарсы қару қолданды деп айыптады. Ол Израиль қорғаныс күштерінің әрекетін «адамгершілікке жат» деп сипаттап, «Террористер мәселесімен біз айналысып жатырмыз. Бұл мәселе сіз алаңдайтын жайт емес. Себебі Израиль өзі лаңкестік мемлекет болып есептеледі. Террористік мемлекет ретінде Израиль Газа мен Иерусалимде не істегені баршаға аян», деп мәлімдеді.
Израйль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Түркияны қарсы айыптап, түрік әскери операциясы кезінде бейбіт тұрғындардың үлкен шығынға ұшырағанын еске салды.
Еске сала кетейік, Газа секторы шекарасында болған қақтығыста кем дегенде 16 адам қаза тапты. Израиль билігі әскерилерді және шекарада лаңкестік шабуыл жасағандарды ғана мерт қылғандарын мәлімдеуде.
Еуропалық Одақ жұма күнгі қанды қырғыннан кейін тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті. Әйтсе де Израиль билігі тергеуге үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр.