ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия дағдарысы бойынша Астана процесіндегі кепіл елдердің кезекті отырысы қарашаның соңында, яки желтоқсан айының басында өткізілуі мүмкін екенін айтты. Министр бұл туралы сенаттың кезекті отырысында хабарлаған.
Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Сыртқы істер министрі: Астана процесіндегі кепіл елдер өкілдері таратқан ақпаратқа сай, олар Астанада Сирия мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі кезекті келіссөздерді шамамен қарашаның соңы немесе желтоқсанның басында өткізуді жоспарлап отыр. Нақты уақыты мен күн тәртібі туралы қосымша ақпарат беріледі.
Сириядағы дағдарыс мәселелері бойынша кепіл елдердің өкілдері 9 раундқа дейін Астанада бас қосып, кейін ол Сочиде және Анкарада өткізілген болатын. Келіссөздер қорытындысы бойынша кепіл елдер – Иран, Ресей және Түркия жасаған ортақ мәлімдемеде Сирияның тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық тұтастығын сақтап, 2017 жылдың 4 мамырында қабылданған деэскалация аймағын құру туралы меморандум және Астанадағы келіссөздер барысында келісілген өзге де құжаттарды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталған.