Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімі өте сала 27 қараша күні Мәскеуге аттанды. Ресей астанасынан кейін Парижге ұшты. Президент ретінде жаңадан сайланған Қазақстан басшысының бұл шетелдік сапарларының мәні неде? Бұл мақалада осы сұраққа жауап іздеп көреміз.

Тоқаев Путинмен кездесуінде сайлаудан кейінгі алғашқы шетелдік ресми сапарының Ресейге болуының «терең мәні», «саяси символикалық маңызы» бар екенін айтты.

Путин де Тоқаев сапарының үлкен маңызға ие екенін, оны жоғары бағалайтынын жеткізді.

Ал Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Тоқаевтың Қазақстан президенті лауазымына қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы сапарын Ресей Федерациясына жасауының маңызды екеніне тоқталды.

«Бұл ресейліктер мен қазақстандық серіктестер арасындағы көп ғасырлық достыққа негізделген бауырластық, одақтастық қарым-қатынастың одан әрі нығая түсетінін көрсетеді», – деді Ресей премьері.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Тоқаевтың елде кезектен тыс президент сайлауын өткізетінін ең алғаш білген шетелдік президент Путин болуы мүмкін.

«Бұл кездейсоқтық па әлде заңдылық па? Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумнан кейін Тоқаев бірден Сочиге барды, бәлкім, Қазақстан Республикасы президентінің «кезектен тыс сайлау өткізу» шешімі туралы алғаш білген шетелдік көшбасшылардың бірі Путин болар»,деп жазады саясаттанушы.

Иә, Тоқаев жақында ғана Ереванда ҰҚШҰ саммитінде кездессе де «кезектен тыс сайлау» өте сала тағы Путинге аттанды.

Сәтпаев Тоқаевтың Путин секілді токсик серіктеспен бұлай жиі кездесуін географиялық тағдырымызды ескергеннің өзінде дұрыс еместігін айтады. «Бұл Кремльге советтік үлгіде есеп беру» дейді саясаттанушы.

Тоқаев пен Путин. Photo: Kremlin.kz

Саясаттанушының пікірінше, Тоқаев Путинмен осылай жиі кездесу арқылы Батысқа Түркия президенті Режеп Ердоған секілді Батыс пен Ресей арасындағы келіссөздерде делдал рөлін алуға дайын екенін көрсетуде ме?

Сәтпаев кезінде Назарбаевтың да халықаралық саясатта ел ішіндегі көптеген сәтсіздіктерге қарамастан осылай ойнауы Қазақстанды бірқатар ішкі және сыртқы факторлар тұрғысынан әлсіреткенін айтады.

«ТОҚАЕВТЫҢ БҰЛ САПАРЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ РЕСЕЙГЕ ОДАН ӘРІ ТӘУЕЛДІ ЕТЕ ТҮСЕДІ»

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің «Тіл кеспек жоқ» басылымында жарияланған пікіріне қарағанда, бұл сапардың саяси және экономикалық себебі бар.

«Біріншіден Қазақстанның авторитар билігі өз билігін сақтап қалуда Кремльді «негізгі стратегиялық серіктес» көреді. Оған биыл Қаңтар қырғыны кезінде көзіміз жетті. Екіншіден, Қазақстан Ресейдің саяси және экономикалық мүддесін қорғайтын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Қазақстан мұнай экспорттау үшін Ресей арқылы өтетін  КТК мұнай құбырына тәуелді. Ресей кейінгі уақытта КТК құбырын саяси қысым жасау мақсатында қолдануға кетәрі емес екенін көрсетті. 28 қарашада Тоқаев Путинмен кездескен соң КТК-дағы жөндеу жұмыстарының бітуі жайлы жаңалықтың шығуы жай сәйкестік емес», – дейді саясаттанушы.

Тоқаев пен Путиннің кездесуінен соң Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасында газ одағы құрылуы мүмкін екені жайлы хабар тарады.

Қазақстан президенті мен Ресей премьер-министрінің кездесуі. Photo: Akorda.kz

«Егер газ одағы құрылатын болса, Қазақстан елдің солтүстік өңірлеріне өз газын жеткізу үшін салынатын газ құбыры жобасын тоқтатып, Сібірдің шығысында өндірілетін Ресейдің газын тұрақты экспорттаушыға айналуы мүмкін. Яғни, Қазақстанның солтүстік өңірі тұтастай Ресейдің газына тәуелді болады. Ресейдің Қазақстанға саяси қысым жасауына тағы бір құрал пайда болады», – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі “газ одағы” бойынша түпкілікті шешім қабылданбанғанын мәлімдеді.

“Мемлекет басшысының идеяны мұқият зерттеу қажеттігі жөнінде айтқанын естідіңіздер ме? Бұл әзірге идея. Дипломатия саласында идеялар көп айтылады, сол себепті оларға мамандар назар аударуы тиіс. Мемлекет басшысы айтқандай, қандай да бір шешім қабылданбас бұрын ол зерттеледі” деді Қазақстан сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко.

 Шалқар Нұрсейіт Ресейдің Балқашта АЭС салуының да Қазақстан үшін саяси қаупін алға тартады.

«Балқашта АЭС-ты салуға «Росатом» белсене араласатын болса Мәскеудің Астанаға саяси қысыи жасауға тағы бір тетігі пайда болады. Қазір Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда көлемі 25 млрд долларға жуық және ол көрсеткіш жыл санап өсіп жатыр. Ол дегеніміз Қазақстанның Ресейге экономикалық тәуелділігі күшейіп келе жатыр деген сөз», – дейді саясаттанушы.

ТОҚАЕВ ФРАНЦИЯҒА РЕСЕЙ МЕН БАТЫС АРАСЫН БАЙЛАНЫСТЫРУШЫ РЕТІНДЕ БАРДЫ МА?

 Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов екі тарап (Ресей-Қазақстан) тек экономикалық мәселелерді жария талқылаған, ал саяси маңызды мәселелерді жария етпегенін айтады.

«Тараптар тіпті бірлескен баспасөз брифингін өткізуден бас тартты. Бұл Ресей мен Қазақстан президенттерінің екі ел арасындағы саяси контестідегі мәселелердің көпшілікке жария болғанын қаламауын білдіреді», – дейді Дубнов.

Макрон резиденциясына кіріп келе жатқан Қазақстан президенті. Photo: Akorda.kz

Тоқаев пен Путин арасындағы сенім деңгейі соншалық, «Қазақстан президенті Эмануэль Макронмен кездесуге Кремль өкілі ретінде барды» деген де пікір бар.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов Тоқаевтың Францияға Ресей мен Батыс арасындағы елші, Кремль өкілі ретінде барғанын терістей алмайтынын айтады. Ол Тоқаевтың екі бауырлас мемлекетті (орыс-украин) бейбіт келісімге шақырғанын айтып мәлімдеме жасағанын да атап өткен. Әлжановтың айтуынша, бұл Ресей тарабының да ұстанымымен сай келеді.

Дегенмен, бұл пікірге қарсы ойлар да жоқ емес. Жаңадан сайланған Тоқаевтың алғашқы шетелдік сапарларының бірі Париж болуы және Макронмен кездесуі Тоқаев үшін Кремльдің ықпалынсыз, өздігінен қабылданған шешім болуы да мүмкін.

«Бұл Қазақстанның көпвекторлы саясат жүргізетінін жария көрсетуі болуы да ықтимал. Тоқаевтың Мәскеу арқылы Францияға аттануы расымен де қызық. Бұл жерде Мәскеу жәй транзит рөлін атқарып тұр деп те жорамалдауға болады», – дейді ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция президенті Эмманюэль Макрон. Photo: Akorda.kz

Ал сарапшылардың пікірінше, Францияға сапар Тоқаев үшін Батыс көшбасшылары алдында Қазақстандағы сайлаудың негативті тұстарының тігісін жатқызу үшін қажет.

«Батыс көшбасшылары Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауына берілген негативті бағаны қолдады. Менің ойымша, Тоқаев үшін Қазақстандағы демократиялық реформалар мен адам құқықтары мәселелерін сынауда Еуропа елдерінің үнсіз қалуы маңызды», – дейді саясаттанушы Әлжанов.  

Сарапшылардың болжауынша, Тоқаевтың сайлаудан кейінгі мәлімдемелеріне қарағанда Қазақстан президенті келесі шетелдік сапарларын Пекин, Вашингтон және Анкараға жасауы ықтимал.

Abdimanap KENGES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз