БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Сирия билігін Дума қаласындағы тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды деп, ал Ресейді адамзатқа қарсы қылмысқа қатысы бар деп айыптады.
Шұғыл отырыс барысында аталған химиялық шабуыл салдары талқыланды, Сирия құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, шабуыл салдарынан 49 адам қаза тапқан. Euronews таратқан ақпарға сәйкес, АҚШ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне Сириядағы химиялық қарудың қолданылуын зерттеудің жаңа механизмін құру және ең бастысы жауапты адамдарды жазалау туралы ұсыныс жасады.
Ешқандай химиялық шабуыл болған жоқ – Ресей
Өз кезегінде, Ресей Шығыс Ғұтадағы жағдайды талқылау туралы қарсы бастама көтерді. Мәскеудің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя қорытындыда мемлекет өкілдері арасынан алғашқы болып сөз алды. Небензя орыс және сириялық сарапшылардың тергеуіне сілтеме жасай отырып, ешқандай химиялық шабуыл болған жоқ деп мәлімдеді. Ал ондаған бейбіт тұрғынның көз жұмуын Небензя «химиялық провакация» деп, қаза тапқан әйелдер мен балалардың суретін – жалған деді.
“АҚШ тиісті шараларды қолданады”
АҚШ Ресейді президент Башар Асад (Б. Асад – Сирия Араб Республикасының президенті – ред) режимін қайталауда деп айыптады. Құрама штаттардың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Мәскеу Қауіпсіздік Кеңесіне кінәлілерді жауапқа тартуға және Дамаскті жазалауға мүмкіндік бермесе де, АҚШ тиісті шараларды қолданады деп мәлімдеді.
Франция Ресейді айыптады
Мәскеуді Франция да айыптады. Францияның тұрақты өкілі Франсуа Делатр ақыры орыс әскерилері сирия әскеріне көмектесіп жатыр екен, онда химиялық шабуыл Ресейдің қатысуымен я болмаса күш-жігерімен жасалды деп мәлімдеді. Басқа мемлекеттермен бірге Франция Мәскеуден Шығыс Ғұтадағы шабуылдарды тоқтатуды және аталған аймақтағы жағдайларға қатысты тәуелсіз сараптама жасауды талап етті.
Еске салсақ, жексенбіде Шығыс Ғұтада химиялық шабуыл орын алды. Салдарынан БАҚ-та таралған ақпарға сәйкес, ондаған адам, соның ішінде басым көпшілігі балалар зардап шеккен. Химиялық шабуылға бүлікшілер Үкімет әскерін айыптады. Ал билік әскері болса, мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды.