Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 14-21 наурыз аралығында Абу-Даби қаласында өтетін Арнайы Олимпиада ойындарының ашылуына қатысты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның шақыруымен “Zayed Sports City” стадионында өткен Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Биылғы 14-21 наурыз аралығында Абу-Даби қаласында өтетін Арнайы Олимпиада ойындары – Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінің тарихындағы алғашқы спорт сайысы. Бұл шараға әлемнің 170-тен астам елінен спорттың 24 түрі бойынша сайысқа түсетін 7500-ден аса спортшы қатысуда.
Қазақстаннан үстел теннисі, теннис, дзюдо, суда жүзу, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, гольф, бочче, гимнастика, боулинг, роликпен жүгіру және бадминтон сияқты спорттың 15 түрі бойынша 67 спортшы жарысқа түседі.
Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-ге соңғы рет 2017 жылдың 24 қазанында барған болатын. Ал, өткен жылдың жазында, Астана күндері қарсаңында Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян ресми іссапармен Қазақстанға ат басын бұрған еді.