Назарбаеваның бұрынғы қызметін Мұхтар Құл-Мұхаммед атқарады

0
106
ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед

28 наурыз күні Парламент Сенатының жалпы отырысында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып Мұхтар Құл-Мұхаммед сайланды. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады. 

“Бұл комитеттің төрағасы лауазымына Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің кандидатурасын ұсынамын. М. Абрарұлы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік хатшы, министр, облыс әкімі болып аса жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Білімді, білікті және тәжірибелі депутат”, – деді Сенат спикері Дариға Назарбаева.

Сенаторлар Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметіне Мұхтар Құл-Мұхаммедті сайлау туралы шешімді бірауыздан қолдады.

“Бүгінгі көрсеткен қолдау мен сенім – мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық күш-жігерімді осы сенімді ақтауға жұмсайтын боламын. Баршаңызға рахмет!”, – деді М. Құл-Мұхаммед.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметін Дариға Назарбаева атқарған еді. Биылғы 20 наурыз күні Дариға Назарбаева ҚР Парламенті Сенатының спикері болып сайланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз