ОСК референдум өткізу жоспарын жариялады

0
245
Орталық сайлау комиссиясының ғимараты. Photo: Sputnik.kz

6 мамыр күні Орталық сайлау комиссиясы Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткізу жоспарын жариялады. 

ОСК-ның жұма күнгі жиынында мынадай ақпараттар айтылды:

  • Референдум бойынша территориялық және учаскелік комиссия құрамы, комиссия орны мен уақыты туралы ақпарат БАҚ-та 15 мамырға дейін жариялануы тиіс;
  • Үгіт-насихат науқаны референдум тағайындалған мезгілден бастап, референдумға бір күн қалғанда яғни, 4 маусымда сағат 00:00-де тоқтайды;
  • Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар 20 мамырдан бастап өз учаскесіне барып, тізімге енгенін-енбегенін анықтай алады. Учаскелік комиссия дауыс беру уақыты мен орнын референдумға кемінде он күн қалғанда хабарлайды;
  • 5 маусымда дауыс беру таңертеңгі сағат 7-де басталып, 20:00-ге дейін созылады;
  • Референдум нәтижесі дауыс беру өткеннен кейін жеті күн ішінде жарияланады;
  • Референдумға ОСК және СІМ шақыруымен шет мемлекет және халықаралық ұйым бақылаушылары қатыса алады;
  • Референдум бойынша шетел бақылаушылары мен ақпарат құралдарын аккредитациядан өткізу 30 мамырға дейін созылады;

ОСК ақпаратына қарағанда бюллетеньдерде “иә” немесе “жоқ” деген жауап болады. Жарлық бойынша, азаматтар “Қазақстан Респуб­ли­касы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына өзгерістер мен толықты­руларды қабылдайсыз ба?” деген сұраққа жауап береді. Билік Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізуді көздейді. “Өзгерістердің бір бөлігін қолдап, бір бөлігін қолдамағандар қалай жауап беруі тиіс?” деген сұрақ қоғамда көтерілгенмен әзірге жауапсыз қалып тұр.

Конституцияға өзгеріс енгізу туралы ұсынысты Тоқаев наурыз айындағы халыққа жолдауында айтқан.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдумды 5 мамырда өткізу туралы жарлыққа қол қойған.

Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған. Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы негізгі заңның күші жойылып, жаңа конституция қабылданған соң президент билігі ерекше нығайып, күшті президенттік басқару жүйесі қалыптасты. Сарапшылардың көбі сол Конституция қабылданған соң Қазақстанда авторитарлық билік қалыптасты деп санайды. Одан бері де Конституцияға өзгерістер енгізіліп, көбіне президент билігін нығайтатын баптар қосылып отырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз