Тоқаев Қазақстанның Египеттегі елшісіне сөгіс жариялады

0
353
Қайрат Лама Шәріп. Photo: mfa.kz

6 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Египет, Алжир және Тунистегі төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріпке сөгіс жариялады. Ақорда баспасөз қызметі таратқан хабарламада сөгіске не түрткі болғаны жазылмаған.

“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері әдеп кодексінің 9-тармағының талаптарын сақтамағаны үшін Қазақстанның Египет Араб Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шәріпке сөгіс жариялады” деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттік қызметшілер әдеп кодексінің 3-тарау 9-тармағында “мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс” деп жазылған.

Қайрат Лама Шәріп бұған дейін Фейсбуктағы парақшасында СССР кезінен қалған даулы атаулардан арылып, Астана атауын қайтаруды ұсынған еді. Оның бірнеше күнгі жазбасы қазір парақшасынан көрінбейді.

Дипломат мамырдың басында Фейсбук парақшасында “отаршыл Ресей мен Совет одағы күшпен енгізген” даулы елді мекен атауларынан арылу үшін “Конституцияға жалпыхалықтық референдум арқылы әкімшілік-аймақтық өңірлер туралы” жаңа бап енгізу қажеттігін айтқан. Ол “облыс” деудің орнына “өңір” деген сөзді қолдануды ұсынған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз