Президенттікке кандидаттардың 80 минуттық бір дебаты үшін “Хабар” агенттігіне 63 миллион теңге бөлінеді. Бұл жөнінде 8 қарашада Орталық сайлау комиссиясы брифинг кезінде хабарлады.
ОСК мәліметінше, дебатқа Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге кандидаттардың бәрі: Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбековалар қатысады. Дебат 11 қарашада “Хабар” арнасында болады.
ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова Тоқаевтың орнына дебатқа мәжіліс спикері Ерлан Қошанов келетінін айтты. Президентікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы кезектен тыс өткен сайлау кезінде де тікелей эфир дебатына қатыспаған. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та президент сайлау кезіндегі дебаттарға ешқашан қатысқан емес.
БАҚ өкілдері Орталық сайлау комиссиясына “Дебатқа кандидаттың өзі қатыспауына бола ма?” деген сауал қойған. ОСК бұл сұраққа “кандидаттың өзінің дебатқа қатыспағаны заңға қайшы емес” деп жауап берді.
“Хабар” агенттігі өкілінің сөзінше, дебатқа қатысушыларға тікелей эфирде сұрақ қойылмайды.
Қазақстан халқы биыл 20 қарашада ел президентін сайламақ. Бұған дейінгі сайлаулар сияқты бұл да кезектен тыс өткелі отыр.