15 желтоқсанда Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Qarmet компаниясының (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») ендігі жұмысы мен кәсіпорынды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және жаңа инвестордың қатысуымен кәсіпорынның операциялық процестерін тұрақтандыру, оны қажет шикізатпен қамтамасыз ету, сонымен қатар бірқатар құқықтық рәсімдерді жүргізу шаралары талқыланды.

“Бұдан бөлек, комбинат жабдықтарын жаңғыртуды, заманауи өндіріс технологияларын енгізуді және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын арттыруды көздейтін инвестициялық бағдарламаны іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде осы мақсаттарға шамамен 1,3 миллиард доллар бөлінеді”, — делінген Үкімет баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Үкімет басшысы кәсіпорын жұмысшылары алдындағы барлық міндеттемені уақтылы орындау қажет екенін айтты.

Әлихан Смайылов өндірісті одан әрі серпінді дамытуды, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуды және анықталған экологиялық заңбұзушылықтарды кезең-кезеңімен жоюды тапсырды.

Жиын аяқталарда премьер-министр орталық мемлекеттік органдарға ағымдағы мәселелерді шешуде кәсіпорынға қолдау көрсету және инвестормен бірлесіп Qarmet-ті дамытудың әрбір бағыты бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берді.

«АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторы белгілі болды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз