Тәуелсіздік алғалы Қазақстан үкіметін кімдер басқарды?

0
1,347
30 жылда Қазақстан үкіметін басқарғандар.

Қазақстан егемендік алғанына отыз жыл толды. Осы үш онжылдықта президент бір рет ауысса да үкімет және министрлер кабинеті 11 рет өзгерді. Әр жылдары ел үкіметін басқарған кім? Олар қалай тағайындалды және қандай қызмет қылды? Кейінгі мансабы қалай жалғасты? Қазақньюс тілшісі аталған сұрақтарға жауап іздеп егемен ел үкіметін басқарғандарды бір шолып шықты.

Қазақстан үкіметін басқарғандар.

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ – ТЕРЕЩЕНКО

Сергей Терещенко тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі (16 қазан 1991 жыл – 14 қазан 1994 жыл) болды. Оның тұсында Қазақстанның агроөнеркәсіп саласында нарықтық реформалар басталып, колхоздар мен совхоздар таратылып, жаңадан фермерлік және ұсақ шаруа қожалықтары құрыла бастады. Инфляция бұрын-соңды болмаған шарықтау шегіне жетті. Биліктен кеткен соң Терещенко сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктестерінің бірі болып қала берді.

Сергей Терещенко.

1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлауда кандидат Назарбаевты қолдау штабын басқарды. Сайлаудан соң осы штабтың негізінде құрылған “Отан” партиясы кейін “Нұр Отан” партиясы болып атауын өзгертті.

Сергей Терещенко қазір Қазақстанның бірнеше облысында ауыл шаруашылық жері бар кәсіпорынды басқарады.

Оқи отырыңыз: Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы үкіметі

ОППОЗИЦИЯҒА КЕТКЕН ҚАЖЫГЕЛДИН

Әкежан Қажыгелдин басқарған үкімет (14 қазан 1994 жыл – қазан 1997 жыл) ел экономикасына реформалар жасаумен айналысты. Қазақстанда жүргізілген жекешелендіру саясатындағы жетістіктер мен кемшіліктер сөз болғанда Қажыгелдиннің есімі де аталады. Оның биліктен оппозицияға кетуі де сол кезде қоғамның саяси өміріндегі үлкен оқиғалардың бірі болды.

Әкежан Қажыгелдин.

1998 жылдың жазында шетелге саяси эмиграцияға кеткен Қажыгелдинді Қазақстан соты «билікті асыра пайдаланған, аса ірі мөлшерде мәжбүрлеп пара алған, заңсыз қару сатып алған, оны сақтаған, салық төлеуден жалтарған» деген айыптар бойынша 2001 жылы сырттай 10 жылға соттады.

«ҚАЗАҚГЕЙТТЕ» АТЫ ЖИІ АТАЛҒАН БАЛҒЫМБАЕВ

Қазақстанның үшінші премьері Нұрлан Балғымбаев (10 қазан 1997 жыл – 1 қазан 1999 жыл) болды. Оның үкіметіне сол кезде жаңадан қабылданған “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру шараларын атқару міндеті жүктелді. АҚШ-та қозғалған атышулы “Қазақгейт” ісіне қатысты баспасөзде Қазақстанның жоғары лауазымды басшыларының қатарында Балғымбаевтың есімі де жиі аталған еді.

Нұрлан Балғымбаев.

Ол үкіметті 1997 жылдың қазанынан 1999 жылдың қазанына дейін басқарған. Бұл қызметіне дейін және одан кейін “Қазақойл” мұнай-газ компаниясын басқарған Нұрлан Балғымбаев 2002 жылы бизнеске кеткен. 2007-2009 жылы Қазақстан президентінің кеңесшісі болды.

Нұрлан Балғымбаев 2015 жылы қазанда 68 жасында Атырауда қайтыс болды.

БІР КЕЗДЕРІ ПРЕМЬЕР БОЛҒАН ҚАЗІРГІ ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ

Қазақстан үкіметін басқарған (12 қазан 1999 жыл – 28 қаңтар 2002 жыл) Қасым-Жомарт Тоқаев премьерлікке тағайындалған кезде кабинетіне халықпен жариялылық негізінде, демократиялық стильде жұмыс істеу қажеттігін айтқан еді. Бірақ ол 2001 жылы үкімет құрамындағы өзгерістерді, жаңа реформалар мен жариялықты талап еткен “жас түркілерді” жұмыстан қууды президенттен сұрап, телеарна арқылы мәлімдеме жасады. Бұл талабы орындалған соң көп ұзамай өзі де отставкаға кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дипломатиялық қызметке оралған ол кейін парламент сенатының төрағасы лауазымын атқарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусымда Қазақстан президенті болып “сайланды”.

ЕЛШІЛІКТЕН КЕЙІН САЯСАТТАН КЕТКЕН ТАСМАҒАМБЕТОВ

Советтік комсомол мектебі сатысымен билікке көтерілген Иманғали Тасмағамбетов үкіметі тұсында (28 қаңтар 2002 жыл – 11 маусым 2003 жыл) елде оппозиция мен халықаралық демократиялық ұйымдар «саяси астары бар» деп баға берген бірнеше сот процестері өтті.

Иманғали Тасмағамбетов.

Ол мәжілістегі оппозициялық депутаттардың Қазақстанның шетелдегі құпия есепшоты мен ондағы 1 миллиард АҚШ доллары жайлы сауалына ол ақшаның “ел экономикасын банкроттықтан сақтап қалғанын” айтқан.

Иманғали Тасмағамбетов – Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. Ол 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, қайта айналып, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. Өзінің саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Саясатта соңғы атқарған қызметі Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі.

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ДАНИЯЛ АХМЕТОВ

Даниял Ахметов премьер-министр болған уақытта (13 маусым 2003 жыл – 8 қаңтар 2007 жыл) Қазақстанда көптеген бағдарламалық құжаттар қабылданды. Сыншылар елде мұнай өндірісінің көлемі мен әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өскен кезде үкімет белгілеген жоспарлары жүзеге аспай қағаз бетінде қалғанын айтады.

Қазақстанның саяси тарихында жоғары биліктегі ықпалды шенеунік мәртебесінен айырылып, біртіндеп «үлкен саясаттан» шеттетілгендер жеткілікті. Оның кейбірі оппозицияға, кейбірі бизнеске кетсе, кейбірі бірнеше жыл көзден таса болып, бірақ соңында жоғары лауазымды қызметке қайта оралды.

Даниял Ахметов.

Қайта оралғандардың бірі – бұрынғы премьер-министр Даниял Ахметов. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімі, 2003-2007 жылдар аралығында премьер-министр қызметін атқарған ол 2009 жылы қорғаныс министрі лауазымынан босаған соң бірнеше жыл тасада қалып, көпшілік алдына шықпай кеткен. Сарапшылар оның үнсіз жатуын қорғаныс министрі орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотты болуымен байланыстырған.

Даниял Ахметов туралы «өзіне өзі қол жұмсаған» деген де хабар тарады. Бірақ арада бірнеше жыл өткесін оның Еуразия экономикалық комиссиясының алқа мүшесі (министр) қызметіне тағайындалғаны белгілі болды. Ол қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

ҮКІМЕТТІ ЕҢ ҰЗАҚ БАСҚАРҒАН МӘСІМОВ

Кәрім Мәсімов тәуелсіз Қазақстанның осы кезге дейінгі тарихында ең ұзақ отырған үкімет басшысы (10 қаңтар 2007 жыл – 24 қыркүйек 2012 жыл) атанды. Мәсімов үкіметі келгенде әлем және Қазақстан экономикасы да дағдарысқа жолыққан еді.

Кәрім Мәсімов.

Президент Назарбаев бұл үкіметке Қазақстанды бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу, индустриалды-инновациялық бағдарламасын әзірлеп жүзеге асыру сияқты міндеттер қойды. Бұл кезеңде Қазақстан Ресей және Беларусьпен бірге Кеден Одағына мүше болып кірді.

СОТТАЛҒАН СЕРІК АХМЕТОВ

Қазақстан үкіметін бір жарым жылдай (24 қыркүйек 2012 жыл – 2 сәуір 2014 жыл) басқарған Серік Ахметовтің нақты не үшін қызметінен алынғаны жайлы әдеттегісінше ресми түсініктеме берілген жоқ.

Серік Ахметов.

Жарты жыл бұрын президент Назарбаев премьер-министрдің жұмысын сынағаннан кейін Ахметовтің отставкаға кететіні туралы түрлі болжамдар айтылған. Сарапшылар мұның алдындағы өзгелер сияқты Ахметовтің үкіметі де айтарлықтай экономикалық табыстарға жетпегенін айтады.

Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, елдің қорғаныс министрі тәрізді қызметтерді атқарған Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда “заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты” және “өкілетін асыра қолданды” деп айыпталып, 10 жылға сотталған. Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот оның дүние-мүлкі тәркілеп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған. 2016 жылғы наурызда апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан. Кейін оның жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған.

ЕЛ ТАРИХЫНДА ЕКІ РЕТ ПРЕМЬЕР БОЛҒАН МӘСІМОВ

Бір жарым жылдан соң, яғни 2014 жылы сәуірде үкімет басына қайта оралған Кәрім Мәсімов 2007 жылы осы қызметке алғаш тағайындалғанда айтқан сөздерін тағы қайталап, президент Назарбаевқа «әркез көмекшісі болып қала беретінін» мәлімдеді.

Кәрім Мәсімов.

Назарбаев “жаңа үкіметтің инвесторларды тартуға күш салуы керек екенін, экономиканы күшейту үшін ұлттық қордан қаржы бөлдіру туралы шешім шығарғанын” айтты.

“ЭКОНОМИКАНЫ ӨСІРЕ АЛМАҒАН” САҒЫНТАЕВ

2016 жылы қыркүйекте Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. Оның орнына Бақытжан Сағынтаев премьер-министр болып келді. Сағынтаев 2019 жылы 21 ақпанда президент Назарбаевтың жарлығымен отставкаға кетті.

Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстан басшысы Сағынтаев басқарған үкімет бюджет қаржысын дұрыс пайдаланбады, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыра алмады деп сынады.

Бақытжан Сағынтаев әр жылдары өңірлік даму министрі, экономикалық даму және сауда министрі, Павлодар облысының әкімі болған. Ол 2014 жылдың 7 сәуірінде премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған.

ПРЕЗИДЕНТ АУЫССА ДА АУЫСПАҒАН МАМИН

Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президент қызметінен кетерден небәрі бір ай бұрын ғана Асқар Маминді премьер-министр етіп тағайындаған. Назарбаевтан кейін президент болған Қасым-Жомарт Тоқаев Маминге тиіспеді. 2019 жылы маусымдағы президент сайлауынан кейін де Маминнің позициясы өзгерген жоқ.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин.

Асқар Мамин – 1996 жылдан бастап жоғары саяси қызметке іліккен ескі гвардия өкілдерінің бірі. “Уикипедиядағы” өмірбаяны “Целинтяжстрой” трестінің монтаждаушысынан басталып, “Қазақстанның саяси қайраткері” деген анықтамамен аяқталады. Ақмола өңірінің тумасына Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшкенде бас қала әкімінің орынбасары қызметі берілген. 2008 жылға дейін Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімі, премьер-министрдің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін істеп көрді. 12 жылға жуық “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясын басқарып, 2016 жылы премьер-министрдің бірінші орынбасары болды.

Премьер-министр болған соң да, оған дейін де Асқар Маминнің журналистер алдына шығып, қандай да бір жағдай бойынша сұхбат беріп, пікір білдірген кезі өте сирек. Онымен түрлі жағдайларда кездескен адамдар премьерді “өзін істің адамы ретінде көрсеткісі келетін шенеунік” деп сипаттайды.

САЯСАТТАНУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков тәуелсіздік жылдарында үкімет басқарған адамдардың барлығына тегіс баға беру қиын дейді. Ол Қазақстанның қазіргі үкіметінің алдында тұрған проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, ел үкіметі экономиканы өсіретін табиғи шикізаттан басқа көздер табуы керек.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.

“ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДА ҮЛКЕН ПРОБЛЕМА КҮТІП ТҰР”

Сарапшы Қазақстан егемендік алған отыз жылда экономикалық тұрғыдан айтарлықтай жетістікке жеткенін атап өтті.

“Салыстыру үшін айтсақ, 1993 жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 11 млрд долларды құраған. Қазіргі уақытта қателеспесем 170 млрд-тан асып түседі. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда экономикасы ең қуатты елдердің бірі. Орталық Азиядағы елдерінің барлығының экономикасын қосып қарайтын болсақ бұл Қазақстан экономикасының жартысына жуықтайды. Яғни біз аймақтағы ең үлкен ойыншымыз. Ал халықтың жағдайына келер болсақ алғаш тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда кедейлік көрсеткіші азайған. Дегенмен кейінгі жылдардағы бірінен соң бірі келген дағдарыстар кедейлік деңгейінің өсуіне әсер етпей қоймайды”, – деді Сарабеков.

Сарапшы билікке келген әр үкімет, министрлер кабинеті алдына реформа жасау немесе басталған істі жалғастыруды міндет етіп алатынын айтады. Оның сөзінше, осы отыз жылдағы кез келген үкімет бұл жұмысты жасауға тырысты, бірақ кейінгі жылдары жүйелі жұмыстарды жылдамдату керектігі байқалатынын айтты.

“Тәуелсіздік жылдарында экономиканың басты тірегі болған мұнай өндірісі бұдан кейін тек әлсірей береді. Оның бағасы да арзандап жатыр. Алдағы уақытта Қазақстан үкіметін экономикалық тұрғыда үлкен проблема күтіп тұр. Экономиканы дамытатын мұнайдан басқа қайнар көздер табуымыз керек. Бұл – бірінші проблема. Екінші мәселе – экономиканы әртараптандыру іс жүзінде жүзеге асуы керек. Алдағы уақытта табиғи шикізатқа деген сұраныс төмендей береді. Себебі әлемдік экономика және мемлекеттер жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты көмірсутектен ада экологиялық таза экономикаға көшуді көздеп отыр. Бұл тұрғыда Қазақстанның мұнайына, көміріне сұраныс төмендеуі мүмкін. Мұны да ескеруіміз керек”, – деді ол. 

“ҚАЗАҚСТАН ЕҢ НАШАР СЦЕНАРИЙ ДЕП АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ”

Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, әр жылдары Қазақстан үкіметінің ауысып отыруының реформалардың әр сатысына орай өз мақсаты бар. Ол үкіметтің ауысып отыруын жылдам дамуға жетелейтін принцип деп бағалады.

Саясаттанушы Талғат Қалиев.

“Үкімет басшысы немесе ешқандай министрлер кабинеті ұзақ отырды деп айта алмаймыз. Әрқайсы өз міндетін, алдына қойған реформаны жүзеге асырған соң ауысып отырды. Тыныштықта өмір сүріп отырмыз, қалалар мен жолдар жасалып жатыр. Біраз ел шашылып, төгіліп қалды, соғысты. Қантөгістен өтті. Біздің ел ең нашар сценарий деп айтуға болмайды. Әр елдің өз жолы бар. Орысша айтқанда “плюсов больше чем минусов”. Әр премьер қолынан келгенше қызметін атқарды. Оған баға беретін біз емес, болашақ ұрпақ. Тарихи бағаны талай жыл өткен соң беруге болады. Бір мемлекет үшін отыз жыл ұзақ мерзім емес”, – деді Қалиев. 

ӘБДІМАНАП КЕҢЕС

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз