Тегеранға Трамптан жауап

0
28
Дональд Трамп және Эммануель Макрон/2018 жылдың 24 сәуірі, Вашингтон

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Тегеранға қатысты қатаң бағытын жалғастырмақ. Иранға атом қаруын жасап шығаруға мүлдем мүмкіндік бермеу қажет, деп мәлімдеді Трамп 24 сәуір Вашингтонда Франция президенті Эммануель Макронмен бірлескен баспасөз конференциясы барысында.

Ақ үй басшысының пікірінше, Иран Таяу Шығыстағы көптеген мәселенің басы-қасында тұр. АҚШ президенті аталған аймақтағы елдерді Тегеран көрігін қыздырып отырған лаңкестікпен күресуге шақырды, деп жазады dw.com.

Иранға қатысты мәселеде біз аңғал емеспіз – Макрон

Франция президенті Эммануэль Макрон өз кезегінде Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Франция мүлдем басқа позиция ұстанатынын мәлім етті. «Иранға қатысты мәселеде біз аңғал емеспіз», – деп атап өтті Франция басшысы. Макрон сондай-ақ Иранның жаңа ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге дайындалып жатқандарын да алға тартты. Аталған келіссөздердің басты мақсаты – Макронның айтуынша, Таяу Шығыста ұзақ мерзімді тұрақтылықтың орнауы. Аталған келіссөздерге Таяу Шығыс елдерінен өзге, Түркия мен Ресейге де қатысуға болады, деген ұсыныс білдірді Франция басшысы.

АҚШ ДАИШ*-ты жеңбей Сириядан кетпейді – Трамп

Таяу Шығыс турасында сөз қозғау барысында Трамп америкалық әскерилер «Сирияны жақын болашақта тастап шығатынын» мәлімдеді. Дегенмен, АҚШ басшысы америкалық әскерилер Сириядан ДАИШ* лаңкестік ұйымын жеңгеннен кейін бірақ кететінін алға тартты.


Еске салсақ, дүйсенбіде Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ-қа үш күндік мемлекеттік сапармен келді. АҚШ басшысымен келіссөздердің күн тәртібінде: АҚШ-тың алюминий мен болатқа тарифтарды көтеруі (бұл сауда қақтығыс ретінде қабылданған еді), Корей түбегіндегі жағдай және Таяу Шығыс.

Трамп пен Макрон талқылайды

Басты назарда Иран мәселесі. Бұған дейін Трамп Иранмен жасалған ядролық келісімшартқа түзетулер енгізілмейтін болса, оны тәрк етемін деп сес көрсеткен еді. Дегенмен, АҚШ-тың бұл шешіміне Франция және Еуроодақ түбегейлі қарсы. Өз кезегінде Франция президенті Германия канцлері А. Меркельмен жақын арада кездесуі барысында АҚШ пен Иран үшін аталған келісімнен басқа балама жоқ екенін мәлімдеген еді.

«Ең нашар мәміле» – Трамп Иранмен келісімшарт туралы

Бұған дейін АҚШ президенті Д. Трамп Иранмен атом қаруына қатысты жасалған келісімшарт 12 мамыр күні өзгертіліп, Иранның зымыран бағдарламасына жаңа шектеулер енгізілмейтін болса, тәрк етемін деп сес көрсетті. Тегеран өз кезегінде бекітіліп қойған келесімшартқа жаңа түзетулер енгізуді қабыл алмады.

Келісімшарт барысында Иран уран байытуды бірден шектейтіндерін және өзінің атом бағдарламасына әлдеқайда қатаң халықаралық шектеулер енгізуге келісетіндерін айтқан еді. Иранның бұл әрекетіне жауап ретінде оған енгізілген санкциялар алынып тасталды.

Трамп Иранмен атом бағдарламасы туралы келісімшартты «барлық уақыттағы ең нашар мәміле» деп атады.


*ДАИШ – 15 қазан 2015 жылы қабылданған сот шешімі бойынша, елімізде тыйым салынған террористік ұйымдар қатарына енді.
 
Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз