Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Сыртқы істер министрлері (СІМ) кеңесінің кезекті отырысы 6 сәуірде Минскіде өтеді. Бұл туралы ТМД атқарушы комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің мүшелері шағын форматта өз құзыреттері аясында халықаралық және ТМД аясындағы ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды, өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ТМД елдері СІМ басшыларының кезекті отырысын өткізу орны мен күнін белгілейді.
Сондай-ақ, СІМ басшыларының кезекті отырысында гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту аясында: ТМД-ға қатысушы мемдекеттердің оқытушылары мен білім беру қызметкерлерінің Съезі туралы Ереже, «ТМД үшін 100 идея» халықаралық жастар жобасы, 2021 жылды ТМД-да Сәулет және қала салу жылы деп жариялау, ТМД елдерінің салықтарды (қаржылық) тексеру органдарына кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттырудың базалық ұйымы сияқты жобаларды талқылау жоспарға алынған.