5 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы дүрбелең кезінде айтқан 20 мың террорист жайлы мәлімдемесіне түсініктеме берді. Президент қаңтар басында Алматыда “ұйымдасқан террористік шабуыл” жасалғанын, елге “20 мың террорист” кіргенін айтқан. Кейіннен президенттің мәлімдемесі расталмай, қоғамда өткір сыналды. Тіпті интернетте оған қатысты мемдер де пайда болған.
“20 мыңға қатысты, бұл цифрды құқық қорғау органының бұрынғы басшылары берген. Мәселе бүкіл ел жөнінде болған. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды” деді Тоқаев.
Қоғамда Қаңтар оқиғасын әділ тергеу жайлы үндеулер жиілеген шақта президент Тоқаев Қаңтар бойынша істердің “мұқият тергеліп жатқанын” айтты.
“Барлық материалды Бас прокуратура жариялап жатыр. Қоғамнан жасыратын ешқандай құпиямыз жоқ” деді ол.
Тоқаев Қаңтар қырғынын тергеуге халықаралық сарапшыларды тартудың қажеті жоқ деп, мұндай ұсыныстан екінші рет бас тартты.
Оның сөзінше, осы уақытқа дейін Қаңтар бойынша 23 адамға түрме жазасы берілген. Осының өзі оқиғаның мұқият тергеліп жатқанынан хабар береді деді президент.
Тоқаев Қаңтар құрбандарының тізімі жарияланатынын да айтты, бірақ қашан жарияланатынын нақтыламады. Ол “бұған дейін де айтқанымдай, ол жерде террористер жағында болғандар көп, олар мемлекет құрылымын құлатпақ болды” деді. Тоқаевтың сөзінен үзіндіні Tengrinews агенттігі келтіреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзін жексенбі күні, Нұр-Сұлтандағы N59 сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты.