Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция режимінде өткен ЕАЭО саммитіне қатысты.
Кестеге сәйкес саммит 19 мамырда Минскіде өтеді деп жоспарланған. Алайда COVID-19 пандемиясына байланысты бірқатар ел өз шекарасын жауып, карантин шараларын қабылдады.
Бұған дейін Минскіде ЕАЭО лидерлерінің келіссөздерін бейнебайланыс арқылы өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын, алайда Беларусь басшысы бетпе-бет кездесуді қолдайтынын мәлімдеді.
Лукашенко ЕАЭО басшыларының жеке кездесуі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейінге қалдырылуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Еуразиялық экономикалық одақ – 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін халықаралық интеграциялық экономикалық бірлестік. Одаққа Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан мүше. 2020 жылы ЕАЭО органдарына Беларусь төрағалық етеді.