Тоқаев ЕО арнаулы өкіліне “қаңтар оқиғасы” туралы айтып берді

0
310
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілі Тери Хакала. Photo: akorda.kz

7 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілі Тери Хакаламен кездесті.

“Қасым-Жомарт Тоқаев Тери Хакаланың өтініші бойынша “қасіретті қаңтар” оқиғасы жөнінде айтып берді. Сондай-ақ Бас прокуратураға болған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын ашық әрі әділ жүргізу жөнінде тапсырма берілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы адам құқықтары мен бостандығының сақталуы еліміздегі барлық билік тармағы үшін басымдық саналатынына назар аударды” делінген президент баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ақорда хабарлауынша, мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа Одағымен арадағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға баса мән беретінін айтқан.

Тоқаев Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельге 10 қаңтардағы бейнебайланыс режимінде өткен кездесу барысында елімізді қолдап сөйлегені және ынтымақтастықты нығайтуға нық сенім білдіргені үшін ризашылығын айтып, сәлемін жолдады.

Өз кезегінде Тери Хакала Брюссельдің Қазақстанмен арадағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Еуропалық дипломат президентке мазмұнды әрі пайдалы пікір алмасқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Еуропа Одағы президенттің саяси реформаларын толық қолдайтынын және еліміздің өркендеуіне, тұрақтылығына  мүдделі екенін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз