6 қыркүйекте Қазақстан президентінің жарлығымен қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы қызметіне Марат Құсайынов тағайындалды.
54 жастағы Марат Құсайынов бұған дейін Қазақстан Қарулы күштері бас штабы бастығының бірінші орынбасары болған. Әр жылдары қорғаныс саласында түрлі қызметтер атқарған.
Тамыздың аяғында Жамбыл облысындағы әскери қойманың жарылуына байланысты қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен кеткен. Оның орнына орынбасары Мұрат Бектанов қорғаныс министрі болып тағайындалған.
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада оқ-дәрі жарылып, соның салдарынан 15 адам қаза тапты, жүзге тарта адам жарақат алды, бір адам хабар-ошарсыз. Қаза тапқандардың бәрі – қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері.
Жамбылдағы жарылыстан кейін 29 тамыз апат кезінде мерт болған азаматтарды аза тұту күні болып жарияланды. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы қаралы күн.