Оралу
Саясат Тоқаевтың жаңа лауазымына кірісуіне байланысты ел басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне орай бірқатар ел басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті деп хабарлайды Ақорда.
Испания Королі Фелипе өзінің жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы құттықтауын жеткізіп, Испанияның Қазақстанмен арадағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты байланыстарды тереңдетуге ниетті екенін атап өткен.
Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, достас Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. Сондай-ақ Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді.
Өз кезегінде Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған жеке өзінің және барша Түркия халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтады.
«Сіз Президенттік мандатыңыздың кезінде достас әрі бауырлас екі халық арасындағы қол жеткізілген табысты қарым-қатынастар сақталып, одан әрі тереңдей түсетініне кәміл сенемін», – деп атап өткен Режеп Тайип Ердоған.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко екі елдің жан-жақты табысты ынтымақтастығы алдағы уақытта да стратегиялық серіктестік пен сенім негізінде дами беретініне сенім білдірді.
«Белорусьте Сізді Қазақстан халқының зор құрметіне ие болған дана мемлекет қайраткері ретінде біледі», – деді Александр Лукашенко.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Халифа бен Заид Әл Нахаян, Вице-президент, Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-Министрі, Дубайдың билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Сауд Арабиясы Корольдігі Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, қорғаныс министрі, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Абдуләзиз Әл Сауд, Абу Дабидың тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян өздерінің құттықтау хаттарында екіжақты қатынастардың одан әрі дами түсетініне үміт артатынын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне табыс және достас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген.
Бұдан өзге Жапония премьер-министрі, Корея Республикасының президенті, Финляндия Республикасының президенті, Моңғолия президенті, Ауғанстан Ислам Республикасының президенті, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы, АҚШ мемлекеттік хатшысынына да құттықтау жеделхаттары келіп түскен.