Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасының Инвестиция және даму комитеті департаментінің басшы Чинь Юйцай бастаған делегациямен кездесті.
Казақстан-Қытай тараптары экономикалық байланыс пен өзара ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту турасын талқыға салды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуде облыс әкімі өңіріміздің экономикалық әлеуеті жайында айта келе, көрші елмен алыс-берісті күшейту бағытында бірқатар ұсыныс пікірлерін білдірді.
Көршілес елден келген делегация Қытайда білім саласына қатысты жаңа бастама іске асырылғалы жатқанын еске салып, қазақстандық студенттерді Аспан асты елінде білім алуға шақырды..
«Негізінде қос тарап арасында қатынасты нығайту екі елге де өте тиімді. Осы ретте біз ғылым мен білімді дамытуға күш салып келеміз. Аталған саланы дамыта отырып, көрші елдермен қатынасты нығайтуды көздеп отырмыз. Мәселен, осы жоба аясында қазақстандық мектеп бітірушілерді оқуға шақырамыз. Сондай-ақ, оқу аяқталған соң оларды жұмысқа орналастыру мәселесін де шешіп беруге атсалысамыз», – деді ҚХР Инвестиция және даму комитетінің департамент басшысы Чинь Юйцай.
Айта кетейік, Қытай елінде қазірдің өзінде 15 мыңға тарта қазақстандық жас білімін жетілдіріп жүр. Екі ел арасындағы жобалар оң шешімін тапса, бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін. Өйткені, қытайлық оқу орындар биыл тағы грант бөліп отыр.