Жапония астанасында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина презмденті Владимир Зеленскиймен кездесіп сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Бұл туралы elbasy.kz сайты хабарлады.
– Мен Украинаны күнде бақылап отырамын. Сіздің ел маған таңсық емес. Өзім екі жыл бойы Украинада білім алдым. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап сіздің еліңіздің барлық президенттерімен жақсы таныс болдым, – деді Назарбаев.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Украинадағы оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдірген.
Ол Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт реттеудің маңыздылығын ерекше атап өткен.
– Сіз халықтың үлкен сенімімен сайландыңыз. Белгілеген жоспарларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндігіңіз бар, – деді Елбасы.
Өз кезегінде Владимир Зеленский Украина әрқашан Қазақстанды ауқымды мәселелерде қолдайтынын атап өткен.
Келіссөз барысында В. Зеленский Нью-Йоркте Қазақстан президенті Қ.Тоқаевпен танысқанын айтып, Назарбаевты Украинаға шақырды.