5 қараша күні Нұр-Сұлтанда онлайн-қазақша контент жасаушылардың форумында (Qazforum 2021) қазақ тілін дамытуға бағытталған Qaz Startup Battle стартаптар жарысы өтті.
Qaz Startup Battle сайысына қатысқан 13 жас ІТ-компания өз өнімдерін цифрлық даму министр Бағдат Мусин төрағалық еткен қазылар алқасының назарына ұсынды. Соның ішінде қазақ тіліндегі жазбаша мәтінді тану бағдарламасы, қазақша онлайн-курстар платформасы, шетелдік шығармалардың қазақша аудионұсқасының қосымшасы, қазақстандық авторлардың аудиокітаптар мобильдік қосымшасы, қазақтілді аудиторияға ағылшынша үйрету сервисі және т.б. стартаптар бар.
Сайыстан кейін министр Бағдат Мусин IT стартаптардың қазақ тілін дамытуға қалай үлес қосатыны туралы айтты.
“IT стартаптар қазақ тілін қазіргі цифлық дәуірге технологиялар арқылы бейімдеуге көмектеседі. Қазақ тілі мәселесін өзіміз қолға алмасақ басқа ешкімге қажет емес. Ұлттық мүдде болған соң осындай қазақ стартаптарын қолдау керек. Технологиямен ықпалдастыру арқылы қазақ тілінің жалпы дамуын, болашақта технологияларға бейімделуін көмек ретінде бұл сайысты өткіздік”, – деді ол.
Министр жақында өткен Digital Bridge халықаралық форумының не себепті толықтай орыс тілінде өткенін шетелдік инвесторлардың қазақстандық стартаптарға ақша құю үшін келгенімен байланыстырды.
Технологиялық стартаптар арасынан үздік шыққан жеңімпаздарға – Qlang маркетплейс және онлайн-платформасына 2 млн теңге, Joo.kz абитуриенттерге арналған сервиске 1 млн теңге, On Moms жүкті әйелдерге арналған мобильді қосымша стартапына 500 мың теңге ақшалай грант табысталды.