Осыдан он жыл бұрын 16 шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық “Kazsat-2” байланыс және хабар тарату жерсерігі ұшырылды. Бұл туралы цифрлық даму министрлігі хабарлады.
“Kazsat-2” ғарыш аппаратының қызмет ету аймағы Қазақстанның бүкіл аумағын және Орталық Азия елдерін қамтиды. Орбитада 86,5° шығыс бойлықта орналасқан ғарыш аппараттарының белсенділігі 12,5 жылға есептелген. Техникалық ресурс 14,5 жыл.
Министрлік мәліметінше, “Kazsat-2” іске қосылғаннан кейін байланыс операторларына байланыс қызметтерін ұсыну, ақпараттық қызмет аясын кеңейту, электронды үкімет, интернет және ұялы байланыс жұмысын жақсарту мүмкіндігі айтарлықтай өскен.
“”KazSat-2” жерсерігі пайдалануды бастағаннан кейін 10 жыл өткен соң да штаттық режимде жұмыс істейді. 16.07.2021ж. жағдайына ғарыш кемесінің жүктемесі 70% құрайды. “KazSat-2″ қызметтерін 11 ірі жерсеріктік операторлар пайдаланады, KazSat-2 ғарыш аппараты арқылы жұмыс істеуге рұқсат етілген жерсеріктік жер станцияларының саны Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5 119 бірлікті құрайды”, – делінген министрлік хабарламасында.
Ресми дерек бойынша, осы жылдың 16 шілдесінде “Kazsat-2” жерсерігінің ғарышта болғанына 3654 тәулік болады. Осы уақыт аралығында 13 мың жерсеріктік басқару сеанстары өткізілген, байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарын басқаруды қамтамасыз етуге кем дегенде 40 инженер қатысқан.
Қазіргі уақытта екі аппараттан (“Kazsat-2”, “Kazsat-3”) және “Ақкөл” (Ақмола облысы) және “Көктерек” (Алматы облысы) екі басқару кешенінен тұратын “Kazsat” ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі стратегиялық және ақпараттық қауіпсіздікке кепілдік бере отырып, Қазақстанның байланыс және хабар тарату қызметтерін толығымен қамтамасыз етеді.
KazSat байланыс жерсеріктерінің қызметін ел аумағында 13 мыңнан астам жер станциялары бар қазақстандық 15 негізгі байланыс және хабар тарату операторлары пайдаланады. “KazSat” ғарыштық байланыс жүйесінің жалпы жүктемесі қазіргі уақытта шамамен 73%.