Ақтөбеде облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері пневмониядан көз жұмды

0
394

10 шілде күні Ақтөбедегі облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров 60 жасқа шыққан шағында пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Қозыбағаров ауруханаға 2013 жылдан бері жетекшілік еткен. Қайтыс боларының алдында дәрігердің екі өкпесі қабынған. Науқастан коронавирус инфекциясы анықталмаған.

Қалихан Қозыбағаров инфекциялық ауруханаға жетекшілік еткенге дейін отыз жыл бойы Хромтау аудандық ауруханасында дәрігер, бас дәрігер болып еңбек еткен.

Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиевтың айтуынша, коронавирус пандемиясы басталғалы Ақтөбе облысында медицина саласының 100 қызметкерінен коронавирус анықталған, оның 55-і дәрігер. Сонымен қатар 77 медицина қызметкері пневмонияға шалдыққан. Оның бесеуі қайтыс болған.

Ресми дерекке сәйкес, коронавирус инфекциясы облыста барлығы 2075 адамнан анықталған. Алайда облыста ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмония жағдайлары күрт артқан.

Пневмонияға шалдығып қайтыс болған дәрігерлер өзге облыстарда да бар. Кеше пневмониядан Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 56 жастағы Қайрат Баймұхамбетовтың қайтыс болғаны хабарланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз