Қызылордада полицейлер 76 киікті заңсыз тасымалдаған күдіктілерді оқиға орнында ұстады.
Polisia.kz хабарлауынша, 6 ақпан күні сағат 22:30 шамасында Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері “Браконьер” іс-шарасы аясында Жезқазған – Қызылорда тасжолында Toyota Hilux және Toyota land cruiser автокөліктерін тоқтатпақшы болған.
Алайда күдіктілер полицияның тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, бой тасалағысы келген. Тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстады.
![](https://kazaknews.kz/wp-content/uploads/2024/02/IMG_7139.jpg)
Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы тексеру барысында Toyota Hilux автокөлігінен 29 бас, Toyota land cruiser автокөлігінен 47 бас киіктің ұшасын, сонымен қатар Toyota Hilux автокөлігінен 9 дана 12 калибрлі оқ дәріні анықтап, тәркіледі.
Аталған дерек бойынша ұсталған 35 және 28 жастағы қала тұрғындарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда тиісті сот сараптамалары тағайындалып, оларға қатысты бұлтартпау шарасы шешілуде.
“Браконьер” жедел-профилактикалык іс-шарасы барысында табиғат қорғау заңнамасының 2 дерегі анықталды. Бұдан бөлек 9 киік ұшасының алыну деректері бойынша да тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.