31 қаңтарда Жамбыл облысы Жуалы ауданында ауа райының нашарлауына байланысты Тараз қаласынан Түркістан облысына қарай, «Алматы-Ташкент» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың жабық учаскесінде (567 км) жаппай жол-көлік оқиғасы болды.

Көлік апаты «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының бойында сағат шамамен 10:45 кезінде Тараз қаласынан 40 км қашықтықта болған. Шамамен 15-20 көлік соқтығысқан. Айта кететін мәселе, аталған жол бөлігінде сағат 10:00 мен 10:30 кезінде көлік қозғалысына енгізілген шектеу уақытша алынған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жеңіл, жолаушы автобустары және жүк көлігімен Б.Момышұлы аудандық ауруханасына түрлі жарақаттармен 19 адам жеткізілген. Оның біреуі бала. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің күштері көлік арасында қысылып қалған адамдарды шығарып, өзге де құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаза болғандар жоқ.

Ал, Нұрлыкент ауылының Мәдениет үйіндегі жылыту пунктіне 39 адам жеткізілген, оның ішінде 8-і бала.

Оқиға орнында ТЖД, полиция, Апаттар медицинасы орталығы, жедел медициналық көмек ауруханасы өкілдері көмек көрсетіп жатыр.

Облыс аумағында ауа райы жағдайының нашарлауына байланысты департамент базасында жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылған. Психологиялық қолдау үшін сенім телефонына байланысуға болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз