Абайдың 175 жылдығы “Қазақ халқы – Абайдың халқы” концертімен басталды

0
411

21 қаңтар күні “Астана Опера” театрында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды.

“Астана опера” мемлекеттік опера және балет театрында өткен “Қазақ халқы – Абайдың халқы” атты мерекелік концертке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Сахнадағы алғашқы сөзді Қазақстан мәденинт және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сөйледі. Ол ақынның 175 жылдығына орай жасалатын жұмыстарға тоқталып өтті.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

“Ұлы Абай шығармашылығының өзегінде елдің қамы, қуанышы мен қайғысы, келешегі, арман-мұраты тұр. Жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады. Ол елдің үнемі алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, халқымызды жаңа өмірге бейім болуға шақырды. Хәкім Абайдың тіл үйренуді және жаңа кәсіп игеруді ерекше дәріптегенін жақсы білеміз”, – деді министр.

Концерт бағдарламасына Абайдың музыкалық мұрасы енген. Ақын шығармаларын КСРО және Қазақстанның халық әртістері Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, белгілі мәдениет қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева, Берік Айтжанов, сондай-ақ, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен талантты жастар орындады.

Жалпы, Абайдың мерейтойына арналған жоспар 82 тармақты қамтиды. Соның ішінде халықаралық, республикалық, облыстық және қоғамдық маңызы бар 500-ден астам шара бар. Олар – ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық жəне əдеби конкурстар мен баспасөз турлары.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз