140 балл жинаған түлек: Алға қойған мақсатыңыз айқын болса, қиыншылыққа күліп қарайсыз!

0
878

Ұлттық біріңғай тестілеуден (ҰБТ) 140 балл алып үздік нәтиже көрсеткен алматылық Құдайберген Шияра Әбдірахымқызымен сұхбатасудың сәті түсті. Шияра Әбдірахымқызы Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының түлегі. Тараз қаласының тумасы. Кішкентай күнінде ата-анасымен Алматы қаласына қоныс аударған. Әкесі Әбдірахым жеке кәсіпкер болса, анасы Жансая мұғалім мамандығын бітірген. Бүгінде тек үй шаруасымен, балалардың сабағы, тәрбиесімен айналысады. Шияра барлығынан оза шауып 140 балл жинаса да, мектепті «Алтын белгіге» бітірмеген екен. 10 сыныпта физика, ағылшын пәндерінен «4» деген баға алып, 11 сыныпты «Үздік атестатқа» тамамдаған. Мұның себебін Шияра былай түсіндіреді: «140 балл жинағанымды естіген мұғалімдерім таңғалды, қуанды. «Алтын белгіге» бітіре алмауыма өзім кінәлімін. Сол кезде негізгі математика, география пәндеріне көп уақыт бөліп, физика, ағылшын сабағын екінші сатыға қойдым».

Назарларыңызға Шияра Әбдірахымқызының «Kazaknews.kz» ақпараттық агенттігіне берген сұхбатын ұсынамыз.

Шияра, ҰБТ-дан 140 балл алуыңызға ең бірінші не себеп деп ойлайсыз?

ҰБТ-ға былтырдан бастап жаңа формат енгізілгенін білесіз. Былтыр ешкім 140 балл алған жоқ. Қорқыныш болды, әрине. 140 балл менің арманым емес, мақсатым болды. Ата-анамның, 11 жыл бойы білім берген ұстаздарымның үмітім ақтағым келді. Ең бірінші еңбек дер едім. Екіншіден, таза білім. 1-сыныптап бастап жаратылыстану-математика бағытында оқып келемін. ҰБТ-ға 9-сыныптан бастап дайындалдым. Мектептегі қосымша сабақтар және 12 ай «Арай» білім беру тест орталығына келіп білім алғанымның да нәтижесі деп білемін.

Қазіргі таңда ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар өте көп. Не себепті «Арайды» таңдадыңыз?

«Арай» менің екінші отбасым десем де болады. 10 сынып оқып жүргенде «Арай» туралы ақпаратты ең бірінші мектеп директоры бөлісті. Осы орталықта ҰБТ-ға дайындалуға кеңес берді. Мектептен біздің сынып қана тест орталығана келді. Биыл аталмыш орталықта дайындалған төрт оқушы Қазақстан бойынша ең жоғарғы баллға қол жеткізіп отыр. №104 мектептің түлегі Ибағалиева Әйгерім 139 балл алса, Якшылакова Аида мен Өмірбек Нұрдәулет (№119 мектеп) 138 баллдан жинады.

ҰБТ сұрақтары көңіліңізден шықты ма? Қиын болмады ма?

ҰБТ болған соң өзінің қиыншылығы бар. Ең алдымен адам өзіне сенімді болу керек. Моральдық, психологиялық тұрғыда дайын болуы басты міндет. Себебі сіз бір жыл бойы осы бір сынақ үшін тер төктеңіз. ҰБТ-ға үш жылдай уақыт дайындалдым. Үш жыл бойы ҰБТ кітапшаларымен тест тапсырып отырдым. «Арай» білім беру тест орталығындағы «EduCon» компаниясы әзірлеген кітаптармен дайындалдым. Биылғы ҰБТ-да сұрақтар «EduCon» компаниясы құрастырған тест сұрақтарымен ұқсас болды. «Арай» білім беру орталығындағы қайталау тестері, ПҚС (Пәндік қайталау сынағы) тестері, ҰБТ-дағы барлық тақырыптар қамтылған байқау сынағының пайдасы тиді. Әрбір тест кітапшасымен жеке-жеке жұмыс істеп, ондағы сұрақтардың мазмұнын саралай білудің арқасында, сонымен қатар 7-11 сынып оқулықтарын үтір, нүктесіне дейін түсініп оқығанымның нәтижесінде ҰБТ-да осындай жетістікке жеттім.

ҰБТ-да есте қалған сұрағыңыз қандай?

Ең көп күмән тудырған сұрақ десем болады. 1845 жылы орын алған оқиға, Бөкей Ордасындағы хандық биліктің жойылуы еді. Биылғы тестілеуде Қазақстан тарихы пәнінің сұрақтары ауысқан болатын. Мектеп оқулығындағы тақырыптар мен тест кітапшаларындағы сұрақтарды терең ұштастыра білуім дұрыс жауабын белгілеуге үлкен септігін тигізді. Ең оңай сұрақ та оқу сауаттылығынан келді. Әдеби кітаптарды жиі оқығандықтан, мәтінмен жұмыс істеу еш қиындық тудырмады.

Қандай маман иесі болғыңыз келеді?

Мен математика мен география пәндеріне қызығушықытпен қарадым. Қызығушылықтың арқасында сүйіп оқыдым. Болашақта экономист немесе жоғары сұранысқа ие логист маманы болсам деймін. Әлбетте, жақсы маман иесі болу үшін дұрыс ЖОО таңдау керек. Басында Назарбаев университетіне барғым келген. Алайда университетке түсу емтиханы ерте болғандықтан, үлгере алмадым. Қазіргі таңда үші университетті таңдап отырмын. Олар: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ және Сулейман Демирел атындағы университет (SDU). ҰБТ-дан ең жоғары балл жинау Алланың берген бағы деп білемін, оны бағалай білу керек. Қазір жиі сұхбат беретін болдым (Күліп алды). Қала әкімі Бауыржан Қадырғалиұлымен кездесемін деп ойлаған емеспін. Тәлім аларлық кездесу болды. Ол кісінің айтқан кеңесін, берген батасын ешқшан ұмытпаймын. ҰБТ ─ мен үшін өмірдің басы. Менің алғашқы жетістігім. Бұдан кейін де жоғары белестерді бағындыратыныма сенімдімін. Болашақта білікті де білімді маман иесі атанамын деген үміттемін.

Келер жылы ҰБТ тапсыратын оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

Ең алдымен 7-11 сынып арасында оқулықтарды мұқият оқып шығу керек. Апта сайын болатын тест сынақтарынан қалмау және тестегі қиындық тудырған сұрақтардың жауабын міндетті түрде тауып, оған қатысты білімді алу керек. Ең бастысы таңертең дайындалудың пайдасы тиді деп ойлаймын. Тыныққан миға қонған білім ешқашан ұмытылмайды. Күніне 6-7 сағат ұйықтадым. Ұйқы ешқашан қанбайды, қазақ арсыз дейді ғой. Жалқаулықты жеңу керек. Алға қойған мақсатыңыз нақты, айқын болса, кез келген қиыншылыққа күліп қарайсыз!

Kazaknews.kz ақпараттық порталына сұхбат бергеніңізге рахмет! Сәттілік тілейміз!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз