25 қазанда Моңғолия үкіметі елдегі барлық жалпы білім беру мектептерінде Хеллоуинді тойлауға рұқсат берілмейтіндігін жариялады.
Соңғы жылдары Моңғолияның жалпы білім беру мекемелерінде ағылшын тілін үйрену мақсатында Хеллоуин мерекесін тойлау әдетке айналып, кеңінен тараған.
Ал үрдіске айналып бара жатқан мерекені атап өтуге мектеп ата-аналары қарсылық танытуы нәтиже көрсеткен.
Елдің Білім және ғылым, мәдениет және спорт министрінің мәлімдеуінше ата-аналардың мерекені атап өтуге қарсылық білдіріп, табандылық танытудың арқасында Моңғолия мәдениетіне қайшы келетін мейрамның тойлануына тыйым салынған.
Хэллоуин (Halloween) – АҚШ-та Рождестводан кейінгі халық жаппай тойлайтын мереке. Христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ, Францияның аумағында кельттер өмір сүрген. Кельттердің жыл санауы қыс және жаз болып екіге бөлінеді. Олар Күнді өздерінің жоғары құдайы деп санайтын. Олардың түсінігі бойынша, күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің (Самайн) тұтқынында болады-мыс. Тура 31 қазан күні (әрине, біздің жыл санауымыз бойынша) кельттер өздерінің Самхэйн деп аталатын ең үлкен мейрамдарын тойлайды екен. Бұл мейрам күзгі өнімді жинау науқанының аяқталғанын және ескі жыл бітіп, жаңа жылдың басталуын білдіретіндіктен, ерекше мәнге ие еді. Сонымен бірге, Самхэйн – қатал қыстың басталуын білдіреді. Кельттер пұтқа табынушылар болғаны белгілі, олар да өлімнен кейін өмірдің болатынына сенетін. Аңыздары бойынша, Самхэйн өмір сүретін ақ дала өте әдемі болады-мыс. Осы түні Самхэйн өткен шақтан болашаққа есік ашады екен. Көптеген салт-дәстүрлері Самхэйнмен байланыстырылған. Осы күні Ирландияның сол кездегі Тару атты бас қаласында барлық жауынгерлер жиналып, той жасайтын. Ол күні-түні тойланатын болған. Самхэйн күні адамдар кейінірек друидтер (кельт халқының абыздары) берген қасиетті оттармен үй шамдарын қайтадан жағу үшін, өз үйлеріндегі оттарды өшіріп қоятын.