Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 27 қазанда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы қаулыға қол қоюы әліпбиге қатысты жаңа реформаның нақты орнығатынына дәлел болды. Жақында қабылданған жаңа әліпбидің апостроф нұсқасы қоғамда қызу талқыға түскені де жасырын емес. Жаңа әліпби арқылы тіл біліміне реформа жасау не береді? Осы және өзге де сұрақтарға Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Ердембекұлы Тілешов жауап берді. Kаzаknews.kz сайты сұхбаттың толық нұсқасын оқырман назарына ұсынады.
“Әліпбиімізге бірнеше реформа жасамауымыз керек”
– Латын графикасына ауысу мәселесінде қоғамды алаңдатып отырған сауал көп. Осы орайда мақұлданған апостроф нұсқасындағы әліпби қолданысқа сол қалпында еніп кетеді ме, әлде әліпбиге өзгерістер енуі мүмкін бе?
9 қазанда Елбасы жұмыс тобын қабылдағаннан кейін, 27 қазанда мемлекет басшысы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. 16 қараша күні Елбасының Жарлығында белгіленгендей, Ұлттық Комиссияның бірінші жиналысы өтті. Жиналыста ұйымдастыру мәселелері бойынша 4 жұмыс тобы құрылды: әдістемелік, орфографиялық, сараптамалық-техникалық және терминологиялық. Аталған жұмыс тобының мақсаты – әліпбидің негізінде емле жасауға бола ма, бұл әліпбидің икемділігі қандай, сараптауға салған кезде аталған әліпбиді бірден барлық салада қолданысқа енгізуге бола ма деген сұраққа жауап беру керек. Әліпби тіл табиғатына сай келіп, жазуға ыңғайлы болуы тиіс, дыбыстық жүйені қанағаттандыруы да міндет. Бұл мәселе де жұмыс тобының назарында. Осы орайда 4 желтоқсан күні семинар кеңесі болып өтті. Жұмыс тобының құрамын 70-тен астам маман құрайды, тек қана тілші мамандар ғана емес Парламент депутаттары, ұйымдастырушылар, IT мамандары т.б мамандар қатарда бар. Ендігі келесі жұмыс тобы шамамен 18 қаңтарда болады деп жоспарланған. Кезекті жұмыс тобына дейін мамандар Елбасы бекіткен әліпбиді қолданысқа енгізу жөнінде сараптамаларын ұсынады. Сараптама барысында кейбір дыбыстар біздің дыбыстық жүйемізге келмей жатса, ол дыбыстардың өзгеруі әбден мүмкін. Бұл Елбасымен кездесу барысында да айтылған еді. Біз басқа посткеңестік мемлекеттер сияқты әліпбиімізге бірнеше реформа жасамауға міндеттіміз. Осы мәселені назарға ала отырып, сараптама жұмыстары жүреді. Елбасы бекіткен әліпбидің принципі негізге алынады, бірақ өзгерістердің орын алу, алмауы белгісіз.
–Таңдау не себепті қос әріптілікке емес ноқатқа (апостроф) түсті?
Негізінде латын әліпбиін жасаудың 3 әдісі бар. Алғашқысы – апострофтық, одан кейін диграфтық және диакритикалық. Қай ел әліпби жасаса да осы үш әдіске жүгінеді немесе аралас әліпби жасақтайды. Таңдаудың қос әріптілікке түспеу себебі – қос әріптілік роман-саксон тілдерінен енген, жазу көлемі ұлғайып кетеді деген шектеулер болды. Ендігі алдымызда тұрған меже 2018 жылы емлесі дайын әліпбиге ие болу.
–Әріптерді ноқатпен яғни апострофпен таңбалау төл дыбыстарымызға кері әсер етпейді ме?
Кері әсер етпейді. Себебі – бұл таңба. Таңба ол шартты. Біз қалай атасақ, таңба солай қабылданады . Дегенмен, ескеретін жайт латын әліпбиі ол қазақтың төл әліпбиі емес, оның халықаралық тәжірибелері бар. Таңбалау – халықаралық, бірақ тіл өзіміздікі. Міне осы арада белгілі бір шамаға келуіміз керек. Оған комиссияның әлеуеті жетеді.
“Әліпби дыбыстық жүйені қанағаттандыруы тиіс”
–Аталған әліпбидің апостроф нұсқасы технологияға қаншалықты икемделген? Техникалық құрылғыларға енгізгенде қиындық туындамайды ма?
Сөздердің арасы ашылып қалды, «о» дыбысы оқылмай қалады, хэштег жазылмай қалады, доменге қиын болады деген сияқты мәселелерге байланысты осы тараптан көп сұрақтар туындап жатыр. Біздің төл дыбыстарымыз халықаралық деңгейде жоқ екенін ескерсек, бізге қажеті қазақ тілінің қоры екені ойға оралады Біз төл дыбыстарымызды конвертер арқылы аударсақ, құрылғы дыбыстарды апострофпен , диграфпен болсын тауып оқи береді. Жазуға келсек, мәселен түріктер де, арабтар да ноқатпен жазып жүр, ол еш кедергі келтірмейді. Мәселе, әліпбидің дыбыстық жүйені қанағаттандыруында, мейлінше халықаралық стандарттарға сай болғанында.
–Әліпбиге нұсқалар қарастырылған уақытта Түркі академиясы түрік әліпбиіне негізделген өз нұсқаларын ұсынған еді. Түркі академиясы ұсынған нұсқа Парламентте қаралды ма? Не себептен ол нұсқа мақұлданбады?
Аталған нұсқаларды жұмыс комиссиясы қараған болар. Ал жалпы әліпби дайындаған жұмыс тобы ол А. Байтұрсынұлы атындағы институт. Институттың айтуынша, оларға бірқатар жобалар келген. Мен Түркі академиясының дайындаған әліпбиімен таныс емеспін. Бірақ 1992 жылы 34 таңбадан тұратын ортақ түркі әліпбиі жасақталған. Бұл ортақ әліпбиді Өзбекстан қабылдап, кейін одан бас тартты. Әзірбайжан мемлекеті де қабылдап, бір-екі жылдан кейін бас тартты. Себебі әліпби ыңғайсыз. Ортақ түркі әліпбиі ешқашан бола алмайды. Неге? Қазақ тілі қыпшақ тобына кіреді, өзбек қарлұқ тобына кіреді, түркімен, түрік, әзірбайжан тілдері оғыз тобына кіреді. Тілдер бір-біріне ұқсас болуы мүмкін. Бірақ біз жасаған әліпбиді өзбек халқы пайдаланбайды. Мысалы, кирилл әліпбиін таныған адам орыс тілін білмеуі мүмкін, я болмаса ағылшын қарпін таныған адам ағылшын тілін білмеуі мүмкін. Яғни бұдан шығатын қорытынды таңба бөлек, ұғым бөлек. Сондықтан, ортақ түркі әліпбиі болса, түркі ортақ болады деген сөз жөн емес. Бірақ бұл ұғымдық емес, таңбалық ортақтық. Түркі академиясының түркі қауымымен ортақ ықпалдастық орнатуындағы ниеті дұрыс. Бірақ әр тілдің өзінің төл әліпбиі болуы керек.
“Латын қарпіне көшу тіліміздің тартымдылығын арттыра түседі”
-Қоғамда қазақ тілін білмейтін азаматтар жаңа әліпби қолданысқа енгеннен кейін мемлекеттік тілді меңгеру үшін латынға бет бұрады, латын қарпіне көшу қазақ тілін білмейтіндерге тілді үйренуге мүмкіндік бермек деген пікірлер өрбуде. Бұл қаншалықты жанды? Қазақ тілін меңгермегендер латын қарпі қолданысқа енгенде мүлдем бет бұрмай кетпейді ме?
Бұл мәселенің екі жағы бар. Жалпы тіл білу таңбаға байланысты емес. Егер, таңбаға байланысты болса, біздің елімізде тұратын славян тектілер қазақ тілін меңгеріп алар еді. Бірақ олар меңгермеді. Мәселе – санада болып тұр. Мәселен бір орыс ұлтының өкілінің айтуынша, кирилл қарпімен жазып жүрген сәтте азамат қазақ тілін меңгеруге қызығушылық танытпаған, енді жаңа латын қарпіне көшуге байланысты, қазақ тілін меңгеруге ынтасы оянған, яғни тілге деген тартымдылық пайда болған. Латын қарпіне көшу қазақ тілін шегеру дегенді білдірмейді, керісінше, тілдің тартымдылығы арта түседі.
–Жаңа әліпбиге көшкеннен кейін бірнеше ғасырлардан сақталып келе жатқан әдеби мұраларды аталған қаріпке көшіру жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Бұл жайт қоғамда біраз дау тудырғаны да жасырын емес. Осы жұмыстар қазір қалай жүргізіліп жатыр?
1929 жылы латын қарпіне көшкенде қазақ сауатсыз болып қалған жоқ. Кириллға көшкенде қазақ сауатсыз болып қалған жоқ. Әдеби мұраны кім оқиды? Әрине ғалым, зерттеушілер оқиды. Қазіргі барлық жастар Күлтегінді зерттеп, Білге қағанды оқиды дегенге сенбеймін. Қазіргі ғаламтор дамыған бір тетікпен-ақ аударуға мүмкін заманда ол мұра неліктен тыс қалады?! Мәселен, мен жақында Алматыға барып, бағдарламашымен кездестім. Сол уақытта бағдарламашы маман «Абай жолы» эпопеясын конвертердің көмегімен 15 минутта-ақ аударды. Бір аптадан кейін «Абай жолын» 27 секундта аудару мүмкін болды. 100 том романды конвертерге жүгіну арқылы жарты сағатта аудару мүмкіндігі бар, ал мың томды бір-екі күнде аударуға болады. Әдеби мұралардың барлығы кітап болып шығуы міндетті емес. Олардың нұсқалары сайтта тұр. Сондықтан, мәдени мұра ұмыт қалады деген пікір жөн емес.
” Әліпбиді ауыстыру жазу реформасына апаруы керек”
-Латын әліпбиіне көшу барысында білім беру орындарын, мамандарды соған лайықтау, арнайы курстар ашу, латын қарпінде жаңа оқулықтар шығару жұмысы қалай жолға қойылып жатыр?
Бұл мәселеге білім және ғылым министрлігі тарапынан ерекше мән беріліп отыр. Келесі жылы емле ережесі бекітілгеннен кейін бірден арнайы курстар жұмысын бастайды. Ал мәдениет және спорт министрлігі құрамында жалпы республика бойынша 87 орталық бар. Сол орталықтар арқылы әдістеме құралдары таратылатын болады. Педагогтерді латын қарпіне бейімдеу бір аптада бітетін жұмыс. Қандай әліпби қабылданса да, оның құрамындағы 20 дыбысты кез келген адам таниды. Ал қалған төл дыбыстарды күніне жекелеп меңгерсе, қаріп тануда еш қиындық туындамайды. Бұдан өзге ақпараттық кеңістік те бұл реформада қарқынды жұмыс жасайды. Мысалы, көгілдір экранда белгілі бір бағдарламаның көмегімен төл дыбыстарымыздың біреуі таныстырылып отырады. Көшенің әр бұрышында халық танымайтын таңбалар ілініп тұрады. Ұшақ билетінің бір бұрышына сол таңбаларды белгілеп қояды. Яғни бұл шаралар таныстырылым үшін жасалмақ. Себебі, қоғамда ақпараттық әлеует өте күшті.
– Көршілес Өзбекстан Республикасы 1995 жылы латын қарпіне ресми көшсе де, әлі күнге дейін апостроф нұсқаға толығымен бейімделе алмай келе жатыр. Біздегі қабылданған нұсқа да апостроф екенін ескерсек, қоғамда жаңа қаріп қабылданбай, Өзбекстанның кебін кимейміз бе?
Өзбекстанға латын қарпіне өтуде қиындық туындады. Себебі, өзбек тілінде диалект көп. Тіпті Қашқадарияның өзбегін Ташкенттің өзбегі түсінбей қалуы бек мүмкін. Өзбек халқының әдеби тілі жазбадан барып қалыптасты. Ал біздің әдеби тіліміз керісінше ауызшадан жазбаша қалыптасты. Бізде бұл тұрғыда прогресс дұрыс жүрді. Екіншіден, өзбек халқы түркі әліпбиін қабылдады да кейіннен реформа жасады. Осы себепті халық жаңылыса бастады. Үшіншіден, Өзбекстан Қазақстанмен салыстырғанда жабық мемлекет. Өзбек халқы ағылшын тілінде белсенді қарым-қатынас жасамайды. Әрі 1992 жылы Өзбекстанның латынға өту кезеңінде ғаламтор жүйесі болмады. Осы орайда халық жаңа реформалардан хабарсыз болды. Ал қазір ғаламтор дамыған заманда латын қарпіне ақырындап орнығып жатыр. Мұндағы мәселе Өзбекстанда орын алған жағдаймен үрейлендіруге тырысатындар латын қарпінің қабылдануына қарсылық танытушылар. Ескеретініміз кез келген нәрсенің алтын аралығы болады. Сонымен қатар әліпбиді қабылдау бір-екі жылға сыйдыратын шаруа емес. Тіпті Кеңес дәуірінде кирилица 1940 жылы бекітілгенімен, жазу ережелері 1957 жылға дейін бекітілген. Бізде де латын қарпіне көшу процесі он-он бес жыл көлемінде жүреді. Ол солай болуға тиісті де. Себебі реформа жасау оңай емес. Бірақ ол процестен өтуге тиістіміз.
– Ортақ тәржіма тілі латынға көшу процесі нәтижесінде қалай орнығады ?
Біріншіден, латын қарпіне ауысу бұл таңбаны ғана ауыстыру емес, ол жазу реформасы. Әліпбиді ауыстыру міндетті түрде жазу реформасына апару керек. Біз жаңа латын қарпіне көшу барысында артық дыбыстардан арыламыз. Мысалы, қазақ тілінің 28 дыбысын 42 таңба береді. Осының өзінен кирилл әліпбиінің өте икемсіз әліпби екенін байқалады. Емле ережелері дыбысқа лайықталып жасалуы керек. Тәржімаға келетін болсақ ол терминологиямен байланысты болғандықтан, тілімізде терминологияның бекітілмеген 30 томдық, бекітілген 1 томдық сөздігі бар. Аталған терминдер ресми тілде қолданылуына қарай, өнімнің сыртындағы жазу қағаздарында қалай жазылатыны стандартталу керек. Мәселен, зауыттан құтыға құйылған сүт келеді. Өнімнің сыртындағы аударма қате болса, ол өнім өтпейді деу керек. Осыдан шығатын нәтиже, мемлекеттік тілдің қоғамда өз орнымен қолданылуы, яғни қазақ тілінің үстемдігі өз мәртебесін алған кезде қалпына келеді. Мұнда мәселе талап етуде. Адамдар тұтынушы ретінде өнімнің сыртына қазақ тілінде қате жазылмауы керек деп талап етсе, ол талап қанағаттандырылады. Біз қазақ тілінде қате жазылып, аударылып тұрса, орысша оқи саламыз. Ал болашаққа көз салсақ, тек латын қарпінде сауат ашқан келер ұрпақ аталған қателер орын алса, талап етеді. Себебі, кирилл қарпін танымайтындықтан, латын тілінде жазылған қателерге көз жұмып қарамайды. Міне, латын қарпіне көшу мемлекеттік тілдің дамуына орасан зор үлес қосады, латын қарпі арқылы мемлекеттік тіл оқшауланып, мәртебесі жоғарылайды .
Cұхбаттасқан kazaknews.kz сайтының тілшісі Сабина Сайлаубай