28-29 қыркүйек Астанада өтіп жатқан Digital Bridge халықаралық технологиялық форумында IT-саланы дамыту, түркі әлемінің бірлігін нығайту бойынша жаңа цифрлық бастамаларды енгізу мәселелері, IT-қоғамдастық алдында тұрған артықшылықтар мен сын-қатерлер Түркі мемлекеттері ұйымының хатшылығымен және ТМҰ-ға қатысушы елдердің цифрлық министрліктерімен өткен панельдік сессияда талқыланды. Сессия соңында министр Бағдат Мусин мен ТМҰ бас хатшысы Бағдат Әмреев бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Министр Бағдат Мусин өз сөзінде аталған іс-шараның IT-қоғамдастық үшін маңыздылығын, түркі елдерінің өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастығын, атап айтқанда, озық тәжірибемен алмасу және цифрландыру саласында серпінді жобаларды құру үшін технологиялық компаниялардың серіктестік қатынастарына жәрдем көрсету арқылы орнату қажеттігін атап өтті.
“Біз, әрине, ақпараттық қауіпсіздіктің және мемлекеттер қорғайтын деректерді таратпаудың барлық талаптарын ескере отырып, ақпараттық жүйелердің мемлекетаралық интеграциясы туралы салмақпен ойлануымыз қажет. Біздің түпкі мақсатымыз: азаматтарымыздың, бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын неғұрлым қарапайым және адамдарға бағдарланған ету болуы тиіс”, – деді министр Мусин.
Өз кезегінде, ТМҰ Бас хатшысы Бағдад Әміреев ТМҰ-ның сауда мен инвестициялардан бастап кеден және көлік секторларында бизнес-қоғамдастықтар үшін көпжақты электрондық сауда платформасын құруға дейінгі барлық әлеуетті салаларда цифрлық трансформацияны ілгерілетуде өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша үлкен әлеуеті мен өршіл мақсаттары бар екеніне сенім білдірді.
Түркі елінің 6 технопаркі меморандумға қол қойды
Соның ішінде Sabah Lab (Әзербайжан), ЖТП (Қырғызстан), Bilisim Vadisi (Түркия), Bilkent Cyberpark (Түркия), Өзбекстан IT паркі (Өзбекстан) және біздің елден Astana Hub IT-стартаптар технопаркі ортақ келісім жасасты.
Аймақтағы АКТ және инновациялық экожүйені бірлесіп дамытуға бағытталған бұл меморандум Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында жасалған. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитінде түркі елдерінің заманауи технопарктері орталығын ашуды ұсынған болатын.
“Біз заманауи технопарктер ассоциациясын құру және ТМҰ елдерінің негізгі ІТ-технопарктерінің платформаларын интеграциялау мүмкіндігін қарастырамыз. Сондай-ақ ІТ стартаптардың мобильділігін арттыру үшін «Digital Nomad» ІТ-резиденттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесін талқыламақпыз”, деді Астана хабтың бас директоры Мағжан Мәдиев.
“Менің ойымша, бұл форум – Орталық Азия елдерінің басын қосатын керемет бастамалардың бірі. Жаһандық тұрғыда біздің елдер тым шағын болуы мүмкін, алайда түркітілдес елдері біріксек, жоғары деңгейге шыға аламыз. Маркетинг жағынан алсақ, бұл бәріміз үшін тиімді болмақ. Біз бәсекелес емеспіз, қайта бір-бірімізді қолдап, толықтырғымыз келеді”, деді Чубак Теміров, Қырғызстан Республикасы Жоғары технологиялар паркінің директоры.
Форум алаңында өтіп жатқан көрмеге Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Палестина және Қазақстанның 13 технопаркі қатысып жатыр. Сонымен қатар ертең, 29 қыркүйекте технопарктердің басшылары панельдік пікірталастар өткізіп, өз мемлекеттеріндегі инновациялық экожүйені дамыту бағытындағы бастамалар мен жобалар жайлы айтады. Және ТМҰ-на мүше мемлекеттердің кәсіпкерлері мен IT-мамандары үшін қолайлы жағдай жасау жолдарын талқылайды.
Digital Bridge халықаралық форумы Астана қаласында 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл форумның бағдарламасы аясында 45 панельдік сессия, технопарктер көрмесі, ІT-стартаптар аллеясы, IT-мектептер көрмесі, IT-вакансиялар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle жарысы қарастырылған.