Үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіледі?

0
272
Емтихан тапсырып қайтып бара жатқан оқушылар.

28 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді. Жиын ұлттық жобаларды әзірлеуге қатысты мәселелерді талқылаудан басталды. “Жайлы мектеп” жобасы бойынша оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, жобаның мақсаты – мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу. Жобаның жүзеге асырылуы 800  мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді. Жаңа қолайлы мектептердің қазіргі салынып жатқан мектептерден концептуалды артықшылығы мынада: құрылыстың бірыңғай стандарты сақталады, пән кабинеттері мен зертханалар толықтай жабдықталады, 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін дербес блок болады,  спорт залдарының саны оқушы санына қарай есептеледі және 1-4 сынып пен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналастырылады, әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қарастырылады. Осы және өзге де жаңашылдықтар балаларымыздың  дағдылары  мен қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған.

Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысы. Photo: Akorda.kz

Баяндаманы тыңдаған президент білім алу үшін дұрыс жағдай жасау мемлекеттің аса маңызды міндеті екенін атап өтті.

“Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын”, – деді Тоқаев.

Президент балалардың оқулыққа толы үлкен әрі ауыр рюкзактарды арқалап жүруге мәжбүр болуына байланысты ата-аналардың шағымдарына арнайы тоқталды. Бұл балалардың денсаулығына зиян келтіретіні анық.

Асхат Аймағамбетов проблемаларды шешуге бағытталған шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, цифрлық оқулыққа кезең-кезеңімен көшу ісі жүзеге асырылып жатыр,  сондай-ақ жаңа мектептер оқушылардың жеке заттарын, ауыстыратын аяқ киімдері мен оқулықтарын сақтайтын жеке шкафтармен жабдықталады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз