Қыстан аман шыққан күн: Көрісу күні қалай тойланады?

0
2,457

Барша қазақ елі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін  тойлауға дайындалып жатқанда, батыс өңірдегі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбедегі бауырларымыз, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбордағы және Қарақалпақстандағы қандастарымыз Ұлыстың ұлы күнін, жыл басын айдың он төртінші жұлдызынан бастайды.

Маңғыстау  облысында Қазақстанның батыс бөлігін өзге облыстардан ерекшелендіріп тұратын жүзге, руға бөлінген қазақ ұлтының басын біріктіруді мақсат тұтатын  ежелгі дәстүр Амал мерекесі (Көрісу күні) өткізіліп жатыр.

Он жылдан бері қолға алынған мәдени шара Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында халықты ынтымақ пен бірлікке бастайтын дәстүрлі Амал мерекесі алғаш рет республикалық деңгейде тойланды. «Амал-2018» мәдени шарасына 50-ден астам киіз үй тігіліп, еліміздің бірқатар аймақтарынан 200-ден аса өнерпаздар жиналып, өнер көрсетті.

Ай бойы үзілмей жылға ұласатын бұл мерекені Батыс Қазақстанның халқы, үлкен-кіші ағайын сәлем берісіп, бір-біріне ренжіскен тіпті бет көріспей кеткен адамдар болса міндетті түрде кешірім сұрап, өкпе реніштерін ұмытып, амандық-саулық сұрасып көрісіп, өзара «Жаңа жыл құтты болсын!», «Ұлыс оң, ақ мол болсын!», «Амалдан амалға жете берейік» деп құт береке тілеседі.

Күн тас төбеге жеткенге дейін кемінде үш үйдің, қас қарайғанға дейін 40 оттың есігін ашу керек деген қағида ескерілетін Амал мейрамын ең алдымен жақын көрші мен ағайын туғанмен көрісуден бастаған жөн.

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың шешіміне сәйкес, «Амал-2018» мерекесін республикалық деңгейде тойлау бағдарламасы бойынша «Отпан тау – тарихи мәдени кешенінде  13-ші наурыздан басталған мәдени іс-шаралар 14-ші наурыз күні ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен өнері кеңінен атап өтілді.

Жылдың басы болып саналатын ұлық мереке спорттық жарыстармен басталды. Атап айтқанда, ат бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 90-нан астам сәйгүлікті әкеп қосты. Отпан таудың етегінде жатқан Шетпедегі атшабарда 25 шақырымдық құнан жарыс өтті. Аталмыш бәйгеге еліміздің аймақтарынан келген 60-тан астам жүйрік 8 айналымды шауып өтіп, бақ сынасты. Аламанда Әлім ата ұрпақтары оза шауып бірінші болып келген сәйгүлікке – құны 13 миллион болатын шетелдік жол таңдамайтын темір тұлпар (тойота ) тікті.  Бағалы темір тұлпарды Жамбыл облысынан келген қордайлық шабандоз қанжығалады. Ал  екінші орынға нива автокөлігі, және үшінші орынға мотоцикл сыйға тартылды.

Ауқымды шараға  жан-жақтан ат арылтып келген 5 мыңнан астам халық қатысты. Жылдағы үрдіс бойынша Адай атаның сегіз ұрпағы кезектесіп өткізетін көрісу күні мерекесін бұл жолы Құнан Орыс пен Әлім руы бастап Республикалық деңгейде өткізді. Бұрын Отпан таудың биігінде “Бірлік” алауын сегіз арыс Адай ұрпақтары жағушы еді. Енді бұл игілікті істе қазақтың басы қосылып жатыр. 

Игілікті шараға Мәшһүр-Жүсіп (Павлодар), Абай-Шәкәрім (ШҚО), Қорқыт ата (Қызылорда), Қожа-Ахмет Иассауи (Түркістан), Ақмешіт (ОҚО), Сарайшық (Атырау), Бекет ата (Маңғыстау) кесенелерінің және Ұлытау кешені (Қарағанды) шырақшылары қатысып, еліміздің әр аймағынан келген үш жүздің ұрпақтары мен ресми делегация Отпан таудың бауырында бас қосып, “Бірлік” отын жақты.

Алғаш рет Республикалық деңгейде атап өтілген Амал мерекесіне жер-жерден қонақтар ағылып келіп жатыр. Барша қазаққа тән ұлы мерекені жастарға дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат ететін «Әр қазақ – менің жалғызым» деген Маңғыстаудың һәм халықтың сүйікті ақыны Сабыр Адай Отпан тау жайында:

          Туысқа туыс ерген күн,

          Кербездеп кеуде керген күн.

          Бірлігін көріп халықтың,

          Отпан тау төрін берген күн,

деп жырлап, рухани кешеннің ашылуына ұйытқы болған еді. Сол уақыттан бері Отпан тауға жыл сайын республика өңірлерінен жиылатын жұрттың қарасы көбейіп, тарих көші көпшілік санасында жаңғыра түсуде. Амал мерекесін қазақ елінде қайта жандандырудың негізін қалаушы Сабыр Адай сұхбатында

«Жер бетіндегі күллі Қазақ халқын әулиелі киелі жердің атынан Маңғыстау халқының атынан, амал мерекесімен құттықтаймын. Елбасымыз Рухани жаңғыруды қолға алып жатыр. Ұлттың рухани жаңғыруы үшін ұлт өкілдерінің, рухының негізін қалайтын, салт дәстүрі мен әдет ғұрпын, ырым жоралғыларын естен шығармауымыз керек. Ұлт болғымыз келсе, Қазақ болып қара жердің бетінде қалғымыз келсе, онда біз аталған ұлттық мұрағаттарымызды сақтауымыз керек. Әрбір жүрегі қазақ деп соққан азамат жер бетінде қазақ болып қаламыне десе ұлттық мұраның үгітшісіне, жаршысына, қамқоршысына айналсын. Ұлт жанашыры халық. Бүгінгі өткізіліп жатқан мәдени шараның ең үлкен айырмашылығы мен құндылығы бұның бұқаралық сипатында, халықтың бастамасымен өткізілуінде. Бұл мереке бірте бірте барша Қазақстанға жайыла түсіп, күллі қазақтың жүрегіне жетеді.

Амал мерекесіндегі қара шаңырақ дәстүрі үлкен ұлттық пәлсапа. Қарашаңырақ ұғыма тек қазақ халқында ғана бар құндылық. Ал оның маңғыстауда сақталып тұрған себебі қазақ қара шаңырақты кіші ұлға берген. Ал сол Кіші жүзден тараған кенже ұл Адай болып отыр. Әрбір қазақ Маңғыстауға келгенде Адай атаның басына келдім деп емес қара шаңырағыма келдім деп айтсын!» дейді.

Биылғы басты ерекшелік, Амал мерекесіне еліміздің бірқатар облыстары да атсалысты. Атап айтқанда, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, сонау Семей, Шығыс – Өскемен, Алматы және Астанадан  қонақтардың келуі шараның ауқымды өткенінің дәлелі болды. Сондай-ақ, көрші мемлекеттер – Түркімен елінен, Өзбекстаннан, Ресейдің Самара, Астрахан сынды қалаларынан да қонақтар келді. Осылайша, бұрын көбіне маңғыстаулықтар тойлап келген мейрамды осы жылдан бастап алты алаш болып мерекелеуді бастады. Жергілікті Әзірбайжан, Дүңген ұлтының өкілдері де мерекені тойлауда мейілінше атсалысты.

 

Басқосуға түрлі облыстан арнайы келген қонақтар тойдың керемет өтіп жатқандығы және оның жастарға берері мол екендігін атап өтті. Түркістан қаласы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов мұражайға арнайы әкелген сыйын тарту етті. 

Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов жиналған жұртшылықты Амал мерекесімен құттықтады.

«Ардақты ағайын! 

Баршаңызды Амал – Көрісу күні мерекесімен құттықтаймын! Бірліктің белгісіне, татулықтың таңбасына айналған қастерлі мерекеде кең құшақтар айқара ашылып, төс тоғыстырып, алыс-жақын көрісіп, бар өкпе-наз кешіріледі. Амалда айтылар көл-көсір көптің тілектері қабыл болып, жаңа Ит жылы әрбір шаңыраққа шырайлы шуағын төгіп, ырыс-несібесін әкелсін! Береке-бірлікке шақырар бата-тілекпен қарсы алатын халықтық мерекені қасиетті Отпан тауда сән-салтанатымен тойлау биылғы жылы да жалғасын тауып отыр. Ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттау арқылы рухани жаңғыруды мақсат еткен игі бастамалар сәтімен жүзеге аса бергей!

Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында еліміздің рухын көтеретін, елдігін танытатын істер атқаруды жүктеп, «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Тарихи орында елдігіміздің, бірлігіміздің баспалдақтары, кемел келешегіміз қалыптасып келеді. Елбасымыз бастаған ұлт мүддесін дәріптеуге арналған, «Рухани жаңғыру» идеясымен астасып жатқан Отпан тауда бой көтерген «Үш жүздің төбе билері» монументі де абыройымызды асқақтата түседі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әлемдік озық елдердің санатына қосылуды көздеген асыл мұратымызға амандықпен, ауызбіршілікпен қол жеткізейік. Игі іс-шараның басы-қасында жүрген барша азаматтарға, Құнанорыс ұрпақтарына алғыс айтамын. Амалдан амалға аман-есен жете берейік, ағайын», – деді облыс басшысы Е.Тоғжанов.

Адай ата кесенесі – Отпан тауы

Елбасының құптауымен Сабыр Адайдың нұсқауымен өтіп жатқан ұлы мереке Көрісу күнін Маңғыстау жұртшылығы  «Отпан» тауы, яғни Адай атаның кесенесінің басында атап өтеді.

Маңғыстаудағы Батыс  Қаратаудың ең биік нүктесі болып есептелетін «Отпан» тауының шыңында Адай атаның кесенесі орналасқан. Биіктігі 532 метр қашықтықта орналасқан кесенеге бүгінге дейін мазары табылмаған Адай атаның ізі басқан жерлерінен және Меккеден әкелінген топырақ орналастырылған. Алтынмен шайылып жасалған кесененің биіктігі күмбез найзасының ұшына дейін 37 метр.

Сондай-ақ, Отпан тауының шыңына дайін киелі Маңғыстауды мекендеген 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ бар. Бабаның басына келген жандар осы баспалдақпен жүріп өтсе әулие-әмбиелердің шапағаты тиеді деген ырыммен салынған. Кесенеге барар жолда қазақтың биі Қазыбек, Әйтеке, Төле билердің ескерткіші орналасқан.

Кесененің сол жағында Қазақтың атам заманда аймаққа жау шапқандығынан хабардар ететін «Бірлік оты» (ертеректе «ұран оты» деп аталған) орналасқан.  Аңыз әңгімелерге сүйенсек Ұран оты, жау аймаққа енуіне үш күндік жол қалғанда үш мәрте, екі күндік жол бар болса екі рет, жау таяғанынан хабардар ететін болса бір мәрте жағып соғысқа тас-түйін дайындалыңдар деген белгі беріп, қайта сөндеретін болған екен.

Отпан таудың шыңынан айналаға көз салсаң, сай-сала жазық дала мен биік таулар, зәулім төбелер мен қатпарлы жоталар, әсем табиған көздің жауын алады. Тау бөктерінен жер бетінде сирек кездесетін емдік қасиеті бар киелі шипа шөптерді, бал тәрізді қара қоңыр мумияны кездестіруге болады.

Отпан тау тарихи-мәдени кешенінде Адай атаның сегіз немересінің құрметіне арнап салынған Ақсарай Ақордасы орналасқан. Сегіз бөлмеден тұратын Адайдың Ақордасында ұлттық мүддені ұлықтайтын салиқалы кеңестер өткізіліп отырады.

Амал мерекесінің тарихына шолу

Қазақ ежелгі мұсылмандық Хижра есебін ұстанған халық. Соған орай өзіне тән күнтізбесі, апта атауы мен ай санауы, жылды есептеу сияқты есебі бар. Хижра жыл санағы деп біздің заманымыздың 622 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мединаға қоныс аударған жылын айтамыз. Мұсылмандар осы күннен бастап өз күнтізбесін жариялаған. Жыл басын Мұхарам айы, қазіргі атауға сәйкес Наурыз айы деп аталады. Міне, содан бері бүл күнтізбе мұсылман жыл санаау есебі болып қалыптасқан. Қазақ халқы да осы көне есепті ғасырлар бойы ұстанып келеді.

Жыл басын Наурыздың 22-де күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Дегенмен Республиканың батыс аймағы жыл басын өзге өңірдегідей жиырма екісінен емес, наурыздың 14-де тойлайды. Маңғыстаулықтар беріге дейін айлардың арабша атауын пайдаланып келді. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталды. Олар айдың тууын әр айдың біздің есеп бойынша 14-нен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды жылдың басы жаңарған күн деп есептеген. 

Маңғыстауға танымал ауылшаруашылық маманы Бисенбі Әріпов өзінің «Маңғыстау маңғаз мекенім» атты еңбегінде төмендегідей мысал келтіреді. Мысалы «Таразыда таң суыйды» дейді. Әсетте (шілде) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Немесе «Ақырап, қауыс, кәрі құртаңды тауыс». Мұның мағынасы ақырап (қазан), қауыс (қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ малдарыңды жарататын уақыт болды деген сөз. Міне, осы қауыс (қараша), жеді (желтоқсан) айларында күн суытып бұрқақ, өткінші жаңбыр жауады. «Саратан (мамыр), зауза (маусым) сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар. Оның себебі заузада желідегі байлаулы құлын қырылған, енесі ығып кеткен, шай қайнатым уақыт жаңбырлы, желді бұршақ жауып, күн суытқан оқиғалар да болған».

Амал мерекесінің бірден-бір себебі Ғасырлар бойы осылай қалыптасқан: маңғыстаулықтар Наурыз мерекесін жылына екі рет (14 мен 22-ші наурыз күндері) тойлайды.

Ескінің көзін көрген жергілікті ақсақалдар мейрамның тарихын 700 жылдық қашықтықта жатыр дейді. Тарихшы Андрей Астатьев та Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттей отырып ғылыми тұрғыдан Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарында жатыр деп түсіндірді.

Адай руының аңыздары бойынша адамдар Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген. Бәлкім, осы жерден-де өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген болуы мүмкін. Моңғолдар күнтізбесіне сәйкес бір аптада тоғыз күн болған еді. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталатын. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады.

Ал 23 желтоқсан − 14 наурыз аралығындағы уақыт қысқы осындай тоғыз аптадан тұратын кезең. 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік түрінде болып, көкек ән салып тұрған… Көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесу күні тойланады. Көне күнтізбедегі көктемгі күн мен түннің теңесу күні Маңғыстау түбегіндегі Наурыз мерекесін тойлауға тікелей қатысты болады, бәлкім, 18 ғасырдың бірінші жартысында осы дәстүр адай руынан шыққан қазақтармен бірге Маңғыстау өңіріне «көшкен». Жергілікті халық адайлықтар өз бабаларының салт-дәстүрлерін қадірлейді. Сондықтан да олар дастархан жайып, өздерінің ет жақындарын жинап, маңғыстаулық Наурыз мерекесін тойлайды. Халық наурыз көже және Маңғыстау өңірінде ғана әзірленетін кейбір тағамдарды жасауды міндет тұтады.

Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз